Шымкентте әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтті

521

Күнгейдегі үкіметтік емес ұйымдар Шымкентте өткен жетінші азаматтық форумға жиналды. Оның аясында әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудандардағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері қоғамдағы мәселелердің, отбасындағы балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, жас мамандарды жұмыспен қамту бойынша өз ұсыныстарын берді.

Созақ ауданындағы мүгедектер қоғамдық бірлестігі әлеуметтік жобалар жәрмеңкесіне өз жобасын ала келіпті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтыған ұйым өз өндірісін кеңейтпек. Ал Қазығұрт ауданындағы «Жалында, жастар!» қоғамдық бірлестігі жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды. Осы ауданның аналар кеңесі жастарды жұмыспен қамтуға арналған жобасын ұсынуда.

Жиенкүл Сәрсен, «Аналар-асыл жандар» қоғамдық бірлестігінің өкілі: «Жоғарғы оқу орындарының түлектері жұмыс таппай жүр. Біз ауданда мониторинг жүргізген болатынбыз. Жұмысты педагогикалық маман иелері  іздеуде. Біздің ұсынысымыз – аудандағы мектептердің бірінде сондай жастарға тәжірибе ұйымдастыру. Біз әдістемелік құралдарды да жасадық. Сондай-ақ, жастардың өзіне сенімін арттыру бағытында жұмысты да қолға алмақпыз.»

Жетінші рет ұйымдастырылған азаматтық форумның аясында өткен әлеуметтік жобалар жәрмеңкесіне өңіріміздегі аудандардан 20-ға жуық үкіметтік емес ұйым қатысуда. Олар қоғамдағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге келген. Бәйдібек ауданындағы «Домалақ ана» қоғамдық бірлестігі отбасындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықты алдын алу жолдарын ұсынады.

Рахат Қожамжарова, «Домалақ ана» қоғамдық бірлестігінің өкілі: «Отбасындағы кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізлуі тиіс. Өйткені, көп жағдайда қыз бала не ұлға зорлық жасалғанда әрекеттенеміз, ал бұл дұрыс емес. Оның алдын алуға әбден болады. Құрамы толық емес және ата-аналары ішімдікке берілген отбасыларын анықтадық. Қазір олармен жұмыс жасаудамыз. Шаянда бір отағасы өзінің туған қызын жыныстық қатынасқа тартқан. 7-сыныптың оқушысы бізге арызданып, көмек сұрады. Қазір маскүнем әке Шымкенттегі наркологиялық диспансерде ем қабылдауда. 13 жасар қыздың анасы да ішімдік ішеді. Әкесі әйелін, балаларын ұрып-соғады. Екі сот өткен болатын. Алайда бес баланың анасы жолдасын кешірді. Бөген ауылында 8 жасар қызды бір ер кісі зорлап кеткен. Бұл мәселемен қоғам болып айналысуымыз керек, сонда ғана нәтиже болады.»

Форумның аясында үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері марапатталып, 25 қарашада Астанада өтетін рсепубликалық 7-ші азаматтық форумға делегаттар сайланды. Ал ең үздік жоба болып Қазығұрт ауданындағы «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігі  танылды.