Төлеби ауданында лимон өсіру ісі жолға қойылған. Үндістан, Үнді Қытай және Оңтүстік Қытай секілді аймақтарда өсетін цитрусты жемісті баптауды жергілікті шаруалар да меңгеріп келеді. Алғашында жүрексініп жүрген азаматтар ерекше жеміс түрін жылыжайларға егіп көріп, бүгінде төккен терінің нәтижесін көре бастады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Лимон баптаудың тәсілдерін меңгерген жергілікті азамат Ким Юрий Көксәйек ауылында көлемі шағын жылыжайда лимон өсіруді қолға алған. Мұнда 400-ге жуық лимон көшетіе еккен шаруаның үміті ақталып, алғашқы өнім шыға бастаған соң оны кәсіпке айналдыру идеясы өздігінен туындағанын айтады.
Нақтырақ айтқанда, үш жыл бұрын егілген көшеттер биыл алғашқы жеміс нышандарын көрсете бастады. Кәсіпкер Юрий Алексеевич өз қаржысына салған бұл лимонарийдегі цитрусті жемісті баптау үшін асқан төзімділік қажет екенін айтады. Осыған қарап өзге де банан, киви сияқты тропикалық жемістерді де жылыжайларда өсіруге болатын сияқты дейді шаруа.
Табиғатта 3-6 метрге дейін өсетін лимон ағашының биіктігі үй жағдайында 2 метрге дейін жетуі мүмкін. Баяу өсіп, алғашқы жемісін 6-10 жылда бере бастайтын лимон ағашы 60 жылға дейін өседі дейді мамандар.