Таяуда Шымкент қаласында тағы бір мәдени ошақ пайда болады. Төлеби ауданынан Шымкент қаласының құрамына енген Тоғыс елдімекеніндегі бұрынғы мәдениет үйін қала әкімдігі сатып алып, қайта қалпына келтірмек. Осы мақсатқа қажетті қаржыны қалалық мәслихаттың депутаттары бір ауыздан қолдады.
Бүгінгі таңда тозығы жетіп тұрған бұл ғимараттың ішінде тек кітапхана бар. Жылуы жоқ ғимаратта отырған маманның айтуынша, газет-журнал және қажетті оқулығын алуға анда-санда оқушылар ғана келеді екен. Ал ауыл халқы мұнда бұрын мәдениет үйі болғанын ғана білетін сияқты. Күнделікті күйбің тіршілікпен әлек.
Еңбекші ауданы бойынша бірде-бір мәдени орынның болмауына байланысты аудан әкімдігі осы ғимаратты сатып алуға ұсыныс беріпті. Қалалық мәслихаттың кезектін тыс 8-сессиясында депутаттар Шымкент қалалық мәдениет бөліміне осы мақсатта 90 млн теңге бөлуге келісті.
Міне, осылайша қала әкімдігі коммуналды шаруашылықтан бөлек мәдениетке де көңіл бөле бастады. Ал осы уақытқа дейін қараусыз жатқан мына ғимарат аз уақыттың ішінде қайта құрудан өтіп, кісі танымастай өзгереді және көпшіліктің бос уақытын тиімді өткізетін орынға айналады деген үміт бар.
Нұрлан Жаңабай