Оңтүстікке Татарстан астанасы Қазан қаласынан айрықша сый жетті. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Шымкент қаласын жасыл қалаға айналдыру идеясын республикалық телеарналардың бірінен көрген аймақ басшысының Қазан шаһарындағы достары игі іске үлес қосып, тамшыдай көмек ретінде көгілдір шырша ағашы көшетінің 120 данасын сыйға тартты.
Биіктігі 4-5 метр болатын жас шырша көшеттері, негізінен, әкімшілік-іскерлік орталығының маңына, әкімдік пен «Түркістан» салтанат сарайы, Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық драма театрының айналасына егілді.
Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сай Шымшаһарымызды жасыл қалаға айналдыру жұмыстары жалғасып жатыр. Татарстаннан жеткен шыршадан бөлек Алматы қаласынан қырым қарағайының көшеті жеткізіліп жатыр.
Жоспар бойынша Арғынбеков көшесі, Қонаев және Бәйдібек би даңғылдарына мыңнан астам көшет егіледі. Сала мамандары әр көшеттің құны 53 мыңгені құрайтынын жасырмады. Бүгінгі таңда осы көшеттің 372-сі жерсінген. Осыған қосы «Жасыл қала» мекемесі қаладағы саябақтарға 3 мың данадан астам қырым қарағайын егеді деп күтілуде. Ал Қазығұрт ауданындағы тұқымбақтан тек қарағаш көшеттері жеткізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін шаһарымызға 36 мың түп қарағаш жеткізілген.