Дәрігерлер Оңтүстіктегі лейшманиоз дерті жайлы түсінік берді

419
Дәрігерлер Оңтүстіктегі лейшманиоз дерті жайлы түсінік берді

Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір аудандарында тіркелген тері лейшманиозы дерті адамнан адамға жұқпайды. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Жәукімова мәлімдеді.

Дәрігерлер Оңтүстіктегі лейшманиоз дерті жайлы түсінік берді

Сонымен бірге ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің инфекциялық және паразитарлық эпидемиялық қадағалау бөлімі басшысы Қарлығаш Төлендиева мен облыстық терівенерологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары, денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас дермотологы Жадыра Будесова да журналистердің сауалдарына жауап берді.

Брифинг спикерлерінің айтуынша, бүгінгі таңда аталған мемлекеттік мекемелердің мамандары жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, Отырар ауданында тиісті жұмыстарды жүргізуде. Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің мамандары ауыл аралап, тұрғындарға әдістемелік көмектерін көрсетуде.

— Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласы лейшманиоз ошағы болып табылады. Аталған аурудың өршуіне инфекцияның негізгі резервуары және шығу себебі — үлкен-үлкен құмтышқандар қаптап кеткен. Қоздырғыштарды тасымалдаушы үндеместер кеміргіштердің қанын сорғаннан кейін 6-8 күн өткенде жұқтырғышқа айналады. Инфекцияланған үндемес шаққаннан кейін ауру адамға өтеді. Аурудың жасырын кезеңі 2 аптадан 4 айға дейін созылады, күз, қыс айларында ұзақ уақыт жазыла қоймайтын, орнында тыртық қалдыратын жаралар пайда болады. Лейшманиозды емдеу симптоматикалық, антисептикалық, антибактериялық және репорациялаушы сыртқа қолданылатын дәрілермен жүзеге асырылады, — деді Роза Жәукімова.

2016 жылдың 22 желтоқсанына дейінгі жағдай бойынша облыста барлығы 124 науқас тіркелген. Науқастанғандар санының биылғы 11 айдағы көрсеткіші 53-тен 124-ге дейін эндемиялық үш аудан есебінен көбейген. Тіркеуге алынғандардың көбісі уақытылы медициналық көмекке жүгінбеген жандар екен. Оны арнайы топ ауылдар мен аулаларды аралау барысында анықтаған.

Отырар ауданында халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілісі өткізіліп, лейшманиоздың алдын алу және емдеу бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, дәрілеу үшін бюджеттен қаражат бөлу уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсету, аула аралау жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды. Бастысы, тері лейшманиозы — жазылатын дерт.