Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Кентау қаласында пластикалық қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жаңа «Статус Эверест» компаниясының салтанатты ашылуы шарасына инвестиция және даму министрлігі, көлік комитеті төрағасының орынбасары Қайриден Нүркенов, қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
2014 жылы Кентау қаласындағы индустриалды аймақта құрылысы басталған өндірістік кәсіпорынның сметалық жобасы 100 млн теңгені құрайды. Аталған зауытта пластикалық қатты қалдық қайта өңделіп, кәдеге жарату үшін екінші реттік шикізат өнімі дайындалады.
Дайын шикізатты Қазақстанның өзге қалалары мен Ресейдің Челябинск, Екатеринбург, Мәскеу, Самара қалаларына экспорттау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аталған кәсіпорында 25 адам жұмыс істейді.
Сағатына 300-500 келі көлемдегі пластикалық қалдықты өңдеуге қауқарлы зауытта 1 айда 80-100 тонна қалдықты өңдеу жоспарлап отыр.