Оңтүстікте ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Туған жерді түлету — перзенттік парыз!» салтанатты кездесуі өтті. Іс-шараға облыс басшылығы және елімізге танымал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен қазақ эстрадасында өзіндік орны бар өнер майталмандары және кәсіпкерлер сияқты түрлі салада қызмет етіп жүрген 150-ден астам азамат қатысты.
Тәуелсіздік тойында қастерлі Оңтүстіктің төрінде меценаттармен бас қосып, ортақ істі бірлесе жоспарлауды мақсат тұтқан өңір басшысы табанын жерге, арқасын елге тіреген азаматтарымыздың әр қиырда аянбай еңбек етіп, абыройға бөленіп жүргенін облыс жұртшылығы мақтан ететінін жеткізді. Ол барша жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтап, аймағымыздың өркендеп, дамуына сүбелі үлес қосқан көптеген кәсіпкерлерге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің алғыс хатын тапсырды.
Салтанатты шарада туған жерді түлету туралы толғаныстары мен пікірлерін ортаға салған жерлестеріміз елге қызмет ету, туған өлкеге қамқорлық жасау — перзенттік борыштары екенін атап өтті. Енді тек нағыз іскер азаматтар бейтарап қалмай, бірігіп аймақтың дамуына күш салуы керек деп, өңір жанашырларын бірлесе жұмыс істеуге шақырған облыс әкімі туризм, ауыл шаруашылығы салаларында іске асырылатын бірқатар жобалармен бөлісті. Егемендіктің ширек ғасырлық тойына арналған торқалы той Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің концертімен жалғасты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі