Оңтүстікте 70 жас отбасы мерекені жаңа үйде қарсы алады

655

Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталықтағы 216 пәтерлі, 9 қабатты екі үй пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы күні 70 отбасыға пәтер кілтін табыстап, жас отбасыларды жаңа қоныстарымен құттықтады.

– Көптен күткен қуанышқа қол жеткізген жас отбасылар енді жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алмақ. Бүгінде елімізде жастардың білім алуына түрлі жағдайлар жасалып, жұмыспен және тұрғын үймен қамтылу үшін кешенді бағдарламалар жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде Елбасының жастарға жасаған қамқорлығының бір парасы ғана,- деді әкім.

Әлеуметтік нысан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып, пәтерлер тұрғын үй құрылысы-жинақ банкінің жас отбасыларға сатып алу құқығымен жалға берілуде. Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысы-жинақ банкі» АҚ желісінің «Жас отбасы» бағыты бойынша 328 жас отбасы өтініш беріп, оның ішінде төлем қабілетін растаған 216 жас отбасын үймен қамту көзделіп отыр.

Бүгінде 90 азамат жолдаманы электронды түрде алып, 73 азамат төлем қабілетін растаған. Бағдарламаға қатысуға өтініш берген қалған жас отбасылар алдағы уақытта пәтер кілтін алады деп күтілуде.

Еске салсақ, аталған бағдарлама аясында 2014 жылы – 84 отбасы, ал 2015 жылы 270 жас отбасы баспанамен қамтылған.