Шымкентте жастар ресурстық орталығы ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі мен облыс әкімінің жүлдесі үшін республикалық «Жайдарман» ойыны өтті. Жаңа ғимаратты аралап көрген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жастар ұйымдарының алдағы жұмыс жоспарымен танысты.
— Бүгінде өңірімізде 800 мыңға жуық жастар бар. Яғни облыс халқының 30 пайызын құрайды, — деді әкім. — Бұл — үлкен күш. Сондықтан дәл осындай орталықтардың 16-сын іске қосып отырмыз. Алдағы уақытта жастар белсенділігі арта түседі, бірігіп, бірлесіп жұмыс істейміз деген сенімдемін.»
Үш қабатты ғимараттың жалпы алаңы — 1980 шаршы метр. Бірінші қабатында фойе мен 8 жұмыс бөлмесі бар. Күрделі жөнделген 600 орынды концерт залы заманауи кейіпте қайта жабдықталды.
Бұл орталық жастардың жобалары мен бастамаларын сүймелдеуді, еріктілер қозғалысы мен жастардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға күш салмақ. Сондай-ақ жастардың рухани, мәдени және шығармашылық әлеуеттерін жандандыруды, өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар мен отбасыларға психологиялық көмек көрсетуді жүзеге асырады.
Жаңа ғимараттағы жастармен жүздесу соңы облыс әкімінің кубогы үшін дәстүрлі түрде өткізілетін «Жайдарман» ойынына ұласты. Әзіл сайысының көркін республиканың түкпір-түкпірінен келген үздік командалар қыздырды. Атап айтсақ, Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Қызылорда, Тараз, Жетісай қалаларынан келген әзілкештер көрерменге керемет күлкі сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орын мен 300 мың теңге сыйақы жетісайлық «Сырдария» командасына бұйырды. Шымкенттік «Байдың балалары» командасы 2-орыннан көрініп, 200 мың теңгелік сыйақыны иемденді. Ал талдықорғандық «Шапалақ» командасы үздік үштіктің қатарынан табылып, 100 мың теңгелік қаржылай сыйлық табысталды. Айта кетейік, жарыс жеңімпазына кубокты өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың өзі табыстады.