Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңіріміздегі этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары мен өңіріміздегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Онда әкім Елбасының атынан Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалiмен» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне — 25 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Тәуелсіздік мерекесі еліміздің барлық азаматтары үшін ортақ әрі ең басты құнды мереке екенін айтқан әкім барша жиналғандарды тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен құттықтады. Мереке қарсаңында еліміздің тәуелсіздігі мен ел бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық қарым-қатынасты дамытуға, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі үшін мемлекет басшысының атынан Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалiне» өңіріміздегі бірқататар азаматтар ие болды.
Аталған мерекелік медаль иелерін облыс әкімі арнайы қабылдап, Елбасы атынан табыстады. Оладың қатарында облыс прокуроры И.Иманов, өңіріміздің бас имамы А.Керімбек, облыстық клиникалық аурухананың дәрігері М.Әбуов, ОҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов, «Ахыска» этно-мәдени орталығының мүшесі М.Мусаев, облыстық күрд этно-мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Надиров, «Казаки» қоғамдық ұйымының төрағасы Д. Хрущев, «Наири» армян этно-мәдени орталығының төрайымы Д.Сидиропуловалар бар.
— Осы ширек ғасыр ішінде мемлекетіміз өсіп-өркендеп, әлемдік қауымдастық арасында өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Біздің қол жеткізген басты табысымыз – Қазақстан халқының біртұтастығы болды, — деді Жансейіт Қансейітұлы. — Мемлекеттің сара саясаты, дара ұстанымының арқасында жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім – Тәуелсіздігіміздің басты тұғырына айналды. Елімізде бейбітшілік пен мызғымас татулықты орнықтыруда мейлінше атсалысып жүрген азаматтырымызды бүгінгі алған марапатымен шын жүректен құттықтаймын!
Сонымен қатар, аймақ басшысы облысымыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан 21 БАҚ өкіліне «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне — 25 жыл» мерекелік медалін табыстады.
— Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Қазақ елінің елдігін насихаттап, ел игілігі мен бірлігі үшін жемісті атқарылған жұмыстар мен мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, жан-жақты даму жетістіктерін насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қашанда жоғары, — деді әкім. — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз баспасөз еркіндігін қалыптастыру арқылы сөз бостандығын баянды еттік» деп айтқанын сіздер білесіздер. Шынында да, бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық салалардағы өркенді өзгерістердегі алатын орны мен атқарған қызметі айрықша. Сіздер Президентіміздің жасампаз идеяларының төңірегіне қоғамды топтастыру, ұлтты ұйыстыруға зор үлес қосып келесіздер. Демек, қандай да бір ақпарат көзінің сөзі — қоғамдық пікір қалыптастырудың темірқазығы іспетті. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз еселеніп, табысты да жемісті еңбектеріңіз еленіп, алдағы мақсаттарға жету жолындағы жаңа биіктер мен шыңдардан көріне беріңіздер.
Жиында сөз алған қаламгерлер алдағы уақытта да қоғамды нығайтуда және Қазақстанның оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына үлес қоса беретіндерін айтып, ширек ғасырда атқарылған еңбекті бағалап, мерекелік медальге лайық деп санаған Елбасыға және облыс әкіміне алғыстарын жеткізді.