Жыл басынан бері облыста кәмелетке толмаған 3 қыз тері-венерологиялық ауру жұқтырған. Қазір осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен балалар мен жасөспірімдерге қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары қорытылған жиында айтылды.
Күнгейде жыл басынан бері кәмелетке толмаған жеткіншектердің сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылықтың 49 дерегі тіркелген. Дегенмен, прокурорлар бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 жағдайға аз дейді. Дегенмен, орын алған қылмыстың бірі де сотқа дейін жетпеген. Керісінше, бұл келеңсіздіктердің соңы некемен аяқталуда дейді қадағалау органы өкілдері.
Республикадағы әр бесінші бала Оңтүстік өңірінде туылады. Осыны ескерген прокурорлар биыл кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомдылықтың алдын алу үшін «Балаларымыздың өмірі мен денсаулығы — өз қолымызда» жобасын қолға алып отыр. Мұндай келеңсіздіктермен күресуді жолға қоймасақ, жас өскіндер арасында венерологиялық аурудың дендеп кету қаупі басым дейді прокурорлар.