Оңтүстікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи саясат тақырыбында мәжіліс өтті. Оған мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, діни конфессиялардың және білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет ұйымдарының басшылары қатысты.
Қала және аудан әкімдері, мектеп директорлары мен бас дәрігерлер, жастар мен қоғам өкілдері жиынды бейнеселектр арқылы көре алды.
— Жемқорлықтың мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық дамуды тежейтіні мәлім. Осыған орай, жемқорлықтың пайда болуына ықпал ететін жағдайларды жою, мемлекеттік қызметтердіѕ сапасын арттыру, сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру — бүгінгі қоғамның ең басты мәселесі. Мемлекетіміздің қозғаушы күші кәсіби мемлекеттік аппарат, яғни мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң талаптарын қатаң сақтау — аса маңызды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа алып баратын жол қарапайым әдеп нормаларын сақтамаудан туындайтыны рас, — деді Жансейіт Түймебаев.
Мәжілісте «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында құрылған облыстағы әдеп жөніндегі уәкіл өңірімізде осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Ал мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев Оңтүстіктегі білім беру, денсаулық сақтау және жер қатынастары салаларында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың азаймай отырғанын айтып, агенттіктің облыстағы департаментіне, ұлттық бюроға аты аталған сала жетекшілігінің жұмысын әдеп жөніндегі уәкілдікте қарау тапсырылғанын жеткізді.