Шымкентте іскер әйелдердің аймақтық ІІ бизнес-форумы өтті

409
Шымкентте іскер әйелдердің аймақтық ІІ форумы өтті

Шымкентте іскер әйелдердің аймақтық ІІ бизнес-форумы өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған бұл жиынға 300-ге жуық бизнесмен қыз-келіншек арнайы шақырылған. Мемлекеттік органдармен қоян-қолтық байланыс орнатудың, өздері бастаған ісін дөңгелетудің қыр-сырымен бөліскен арулар түрлі түйткілдерді шешудің жолдарын талқылады.

Жылдың қорытынды басқосуына арулар, әдеттегідей, құр қол келмепті. Ісмерлердің бірқатары тындырымды тірлігінің өнімдері мен жемісін көрмеге қойған. Олардың бірі — Шымкент индустриалды аймағында ашылған «Өнер.kz» шағын кәсіпорнының өнімдері. Кәсіпкер Ғалия Исабекова меринос қой жүнінен бас киім, жейделер мен камзол, аяқ киім, әшекейлер жасауды қолға алған. Біздің өңірдегі қолжетімді шикізатпен бұл істі әлі де жандандыра түсетініне сенімді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кеңестің бүгінгі форумға қатысқан мүшелерінің дерлігі осындай өз ісінің өркендеуі үшін аянбай тер төгіп жүрген келіншектер. Бірі өңір тұрмақ, республикадағы бірегей өнім — иілгіш тастарды өндірсе, енді бірі сүт өнімдерін өндірушілердің басын қосып, қауымдастық ашқан.

Араларында аграрлы өңірдің негізгі өнімдерінің бірі — мақта-мата кластерін дамытуды қолға алғаны да бар. 120 ісмердің басын қосқан кеңес төрайымы қорытынды жиында экономиканың өркендеуіне үлес қосу үшін әйелдер 5 түрлі мәселені шешуде қолдау күтетінін нақтылады.

Алма Архабаева, ОҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы: «Біріншіден, біз бірігіп қана жұмыстың нәтижесін көре аламыз. Екіншіден, келелі тұстарды, нені шешу керегін анықтап алуымыз керек. Үшінші тұс — жетістіктерімізден өзге құрбыларымызды хабардар етіп отырған дұрыс. Бір белесті бағындырсақ, болдық деп қанағаттанбай, оқу курстарын ұйымдастырған жөн. Ол әрбірімізге керек дүние. Осы аталған бағыттарға мемлекеттен қолдау болса, өзге де жобаларды қарастырар едік.»

Шымкентте іскер әйелдердің аймақтық ІІ форумы өтті

Бұдан кейін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңіріміздегі бір топ іскер әйелмен кездесті. Өңір басшысы Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалуына тамшыдай болсын үлестерін қосып жүрген ханымдарға алғысын білдірді.

— Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында қалыпты түрде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 175 мыңды құрайды, — деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы. — Ал сол кәсіпорындардың 30 пайыздан астамын нәзік жандылар басқаруда. Аталған көрсеткіш бүгінде әйелдердің кәсіпкерлік қызметімен айналысуға деген белсенділігін көрсетеді.

Айта кетейік, биыл «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында облысымызда 18 кәсіпкер әйел 39,5 миллион теңге көлемінде грант иеленіпті. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге артық көрсеткіш.

Биылдың өзінде «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы 386 кәсіпкер әйелге 1 миллиард 23 миллион теңге көлемінде несие беріпті. Сондай-ақ, өңіріміздегі «Ontustik» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының филиалы барлық аудан-қалаларда жұмыс жүргізуде. Мұнда ісін жаңа бастағалы отырған кәсіпкерлер өз біліктілігін арттырып қана қоймай, бизнесті жүргізудің жаңа тәсілдерін үйрене меңгере алады. Осы орталықтарда оқыған тыңдаушылардың 40 пайызын әйелдер қауымы құрайды.

Облыс әкімімен емен-жарқын әңгіме барысында нәзік жанды кәсіпкерлер өткендеріне көз жүгіртіп, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Кездесу соңында өңір басшысы кәсіпкер қыз-келіншектерді жаңа жыл  мерекесімен құттықтап, бірқатар номинациялар бойынша сыйлықтар тапсырды.