Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай 25 мың түп жасыл көшет егу акциясы басталды. Осыған орай «Жасыл аймақ» мекемесінің 200-ге жуық жұмысшысы Бөржар елдімекенінің маңындағы 250 гектар жерге түрлі сұрыптағы ағаш көшетін екті.
2009 жылы қала аумағында жасыл аймақ құру мақсатында 1000 гектар алқапқа ағаш көшеттері егілген болатын. Кейін ол аумақ ұлғайтылып, 2500 гектарға жетсе, бүгінгі таңда 5 мың 64 гектарды құрады. Қазір осы алқапта түрлі сұрыптағы 4 миллион түп ағаш өсіп тұр.
Акцияны ұйымдастырудағы мақсат — еліміздегі үшінші қала Шымкентті атына сай етіп жасыл шаһарға айналдыру. Биыл қоғамдық бау егу жұмысы да басталды. Оған жеміс ағаштары отырғызылды. Әрине, осы салада аянбей тер төгіп, еліміздің өркендеп-өсуіне үлесін қосқан азаматтардың еңбектері бүгін назардан тыс қалмады.
«Жасыл аймақ» мекемесінің алдынағы жоспары мол. Облысымыздағы тұқымбақтардан жеткізілген көшеттерді егіп қана қоймай, сол желект жерсіндіріп, шымкентіктер қоғамдық баудағы көшеттердің жемісін жеп, өзге ағаштардың саясында көлеңкелеп демалатын жағдайға жеткізу тұр. Әрине, ол үшін талмай еңбек ету қажет.
Нұрлан Жаңабай