Жаңа ауданның түйіні тарқатылмаған шаруасы да шаш-етектен болады. Құрылғанына екі жылдың жүзі болған Қаратау ауданында арысы санитарлық тазалаудан бастап, берісі көшелерді жарықтандыруға дейін шешімін таппаған сан мәселе бар. Бұл саладағы жұмыстар қалай атқарылуда? Әкімдік қызметіне кіріскеніне енді жарты жыл толған Ғабит Мәуленқұловтың есебін тілшіміз Жәнібек Нұрыш тыңдап қайтты.
213 мың тұрғыны бар Қаратау ауданында шешімін таппаған көп мәселенің бірі — ауызсу жағдайы. Бүгінде аудан халқының тек 62 пайызы ғана тәулік бойына сапалы суға қол жеткізсе, қалғаны тек кесте бойынша су алады не алыстан тасып ішеді. Сондай-ақ, табиғи газ қосылған үйлердің үлесі үштен бірді ғана құрайды. Көгілдір отынмен мүлдем қамтылмаған елдімекендердің жобалық-сметалық құжаттары енді әзірленіп жатыр.
Аудан әкімінің есебіне қала әкімдігінен Ғабидолла Әбірахымовтың орынбасары Бейсенбек Жанбосынов қатысты. Коммуналды тақырыптан бөлек, тұрғындардың көптеген сұрақтары Қаратаудың бас ауыртар тағы бір мәселесі жолаушы тасымалы төңірегінде болды.
Тағы бір өзекті мәселе. 17 шағынаудан мен 13 тұрғын алабынан тұратын Қаратау ауданында заңдастырылмаған үйлер әлі күнге баршылық. Әкімнің сөзінше, өткен жылы 500 үйдің құжаты заңдастырылыпты. Енді тағы біршама үйді заңдастыру жүріп жатыр. Әлі күнге құжаты дұрыс ресімделмеген үйлердің дені Азат шағынауданында орналаласқан.
Әлия Сәбитова, Азат елдімекенінің тұрғыны: «Өз бетімен салынған 170 үйдің бәріне заңды құжат жасалып жатыр. Соның ішінде неге менің бес үйіме құжат жасалмайды? Ол жерде тұрып жатқаныма 10 жыл болды. Ешқандай әкімшіліктен көмек жоқ.»
Ғабит Мәуленқұлов, Қаратау ауданының әкімі: «Адамдар заңсыз жолмен жер үчаскелерін қоршап алып, үй тұрғызған. Енді сол заңсыз жолмен алынған жерлерін заңдастырып беруді сұрайды. Сол үйлерді бұзу туралы соттың шешімі бар. Облыс прокуратурасы басқаратын арнайы комиссия бар. Біз онда кірмейміз. Бүгінгі таңда 7 жыл мерзімнен артық адамдары тұрып жатқан 106 үй заңдастырылды. Оларға қала әкімінің қаулысы берілген.»
Жәнібек Нұрыш