Облыстық қылмысты істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотта бүгін Болдықыз Аманбаеваға үкім оқылды. 34 жастағы келіншек өзінің азаматтық некедегі күйеуін өлтірді деген айыппен сотталып отыр.
Адам өлімі болған қылмыстың тергеу құжаттарын қарап шыққан прокурорлар айыпталушыны 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Сот барлық жағдайды ескере отырып өз шешімін шығарды. Айыпталушы азаматша 8 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын жалпы тәртіптегі түрмеде өтейтін болды.
Өткен жылдың жазында Орбабасы ауданының тұрғыны Болдықыз бен оның азаматтық некедегі күйеуі арасында жанжал туындаған. Соңы пышақ сұғумен аяқталады. Қантөгіске куә болған Болдығыздың екі баласы мен егде жастағы анасы сотталушы қорғану мақсатында әрекет жасады деп отыр.
Ал осы арада жәбірленуші тараптың өкілдері тергеушілер кісі өлтіру қылмысының барлық қатысушыларын анықтамады деген пікір айтуда.
Марқұмның отбасына 4 баласы бар. Ал сотталушының соңында екі баласы қалды. Оның біреуі — мерт болған азаматтан туған қыз. Бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ. Екі тарап та апелляциялық шағым түсіреміз деп отыр.
Гүлжан Байназарова