Бадам өзенінің жағалауы нығайтылды

455

Бадам өзенінен жағалауға жақын жерде тұрған халыққа қауіп жоқ. Өзенінің Жаңаталап аумағындағы жағалауын нығайту жұмыстары күні кеше аяқталды. Былтыр күзде басталған құрылысты «Жігіттер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аяқтап, бөлінген қаржыны толық игердік деп отыр.

Қыркүйек айынан бері 100 жұмысшы мен 25 арнайы техника өзен жағалауында жұмыс атқарып, жағалауын нығайтты. Сала мамандарының айтуынша, бұл жұмыстарды жалғастыру қажет. Себебі, бірнеше шақырымға созылған өзен жағалауының өзге де аумақтарында су тасу қаупі жоқ емес.

Алты айға созылған құрылысқа 30 млн теңге қаражат бөлінген. Алда 15 шақырым өзен жағалауын бетондау жұмысы тұр. Оған қажетті қаражат 150 млн теңгені құрайды.

Нұрлан Жаңабай