Сайрамсу өзенінің маңы қоқыстан тазартылды

27

Түркістан облысында «Жасыл аймақ» апталығы аясында Сайрамсу өзенінің аймағы тазаланды. Мұнда экологтар рұқсатсыз қоқыс нүктесін анықтаған. Сондықтан жауапты мамандармен бірге аймақты қалдық заттардан арылтты.

Бүгін «Жасыл аймақ» апталығы аясында Сайрамсу өзенінің Еңбекші ауданына тиесілі аймағы тазартылды. Ондағы жинау жұмысына мәдениет басқармасына қарасты мекемелер атсалысты.

«Бұл акцияға ел болып, жұрт болып, қатысып жатыр. Бізде цирк ұжымы 10 шақты адам болып, қатысып жатырмыз. «Таза Қазақстан» акциясына қатысыңыздар, сіздерді бізбен бірге белсене қатысуға шықарамыз», – дейді «Шымкент-цирк» мекемесінің директор орынбасары Ерлан Шыңғысбеков.

«3-Энергоорталық» маңында көлемі 100 куб болатын рұқсатсыз қоқыс нүктесі анықталған. Сондықтан мамандар оны акция кезінде жинап, арнайы аймаққа төгіп жатыр.

«Еңбекші ауданы аймағында жер телімдерінде қоқыс нүктелері анықталған. Сол қоқыс нүктелерін қазіргі таңда тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Акция аясында 10 мың кубтан аса қоқыс залалсыздандырылды», – дейді Шымкент қаласы экология департаменті басшысының орынбасары Сабыр Балбек.

Мұндағы тазалық акциясына 5 техника мен 100-ге тарта адам қатысты. Олар көше бойындағы артық шөптерді отап, бей-берекет жатқан қалдықтарды жинады.