Облыстық өзбек драма театрының ғимаратында Қаратау ауданы әкімінің жылдық есеп беру жиыны өтті. Оған Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
Аудан әкімінің баяндамасын тыңдаған қала басшысы білім беру, инфрақұрылым, құрылыс саласы бойынша Қаратау ауданында биыл бірқатар нысандар халық игілігіне берілетінгін жеткізді. Мәселен, аудан аумағындағы Наурыз саябағы, әкімшілік-іскерлік орталықтағы 1200 орынды мектеп, Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен Достық шағынауданындағы 1200 орынды мектептің құрылысы аяқталатын болады.
Сонымен қатар Ақжайық шағынауданындағы №59 мектеп жанынан бой көтеретін 600 орынды жаңа мектеп пен Таскен шағынауданындағы білім ұясының құрылысы басталады.
Есепті кездесуде тұрғындар аудан аумағына қосылған елдімекендердегі электр жарығының жетіспеуін айтып, қала әкімінен осы түйінді шешіп беруін сұрады. Өз кезегінде шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов биылғы мамыр айында Бозарық стансасы пайдалануға берілсе, көршілес елдімекендер жарықтан таршылық көрмейтінін айтты.