Облыс мәслихатының кезектен тыс 10-сессиясын өткізуге негіз болған — республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферт пен кредиттер. Күн тәртібіндегі мәселелер тұрақты комиссияларда жіті талқыланғандықтан, оларға қатысты шешім бірауыздан қабылданды. Сөйтіп, республикалық бюджеттен өңірімізге түскен 84 млрд теңгеден астам қаржы білім, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы саласы және кәсіпкерлікті қолдауға, инфроқұрылым тартуға жұмсалмақ. Ең бастысы — өңіріміздегі науқас азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтуға қомақты қаржы бөлінді.
Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Жергілікті денсаулық сақтау ұйымдары үшін, оның құрамдауыштары мен препараттарын өндіру» бағдарламасы бойынша 1 миллиард 325 миллион 907 мың теңге бағытталды. Туберкулез, жұқпалы аурулар, психикалық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолдануға байланысты күйзелістен және мінез-құлқының бұзылуынан зардап шегетін адамдарға медициналық көмек көрсету бағдарламасына 9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Сессияда мемлекеттік атқару органдарына қызметке ауысуына байланысты үш облыс мәслихатының депутаты — Мадияр Оразалиев, Бауыржан Жамалов, Мұқан Егізбевтың өкілеттіліктері тоқтатылды.
Бұл сессияда ОҚО-ның құрметті азаматтары да белгілі болды. Олар — еңбек ардагерлері мен өңіріміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтар.
Ұласбек Сәдібеков, облыс әкімінің орынбасары: «ОҚО құрметті азаматы атағы тізім бойынша 25 азамат ұсынылды. Олар — Асқар Мырзахметов, Әбілқасым Досболов, Шәріпбек Жамалбек, Шалатай Мырзахметов және тағы да басқа азаматтар.»
Тағы бір жағымды жаңалық, жиында өңіріміздің белсенді азаматтарына тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған мерекелік медаль және ОҚО құрмет грамотасы табыс етілді.