Шымкент Қазақстанның басқа ірі қалаларына қарағанда қауіпсіз қала деп танылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.
Статистика бойынша 2016 жылы Шымкентте 20 892 қылмысты құқық бұзушылық орын алса, бұл көрсеткіш Астана қаласында 39 727-ні құраған. Ал Алматы қаласында 66 913 қылмыстық іс тіркелген.
Шымкенттегі қылмыстың 60 пайызы ұрлық болып табылады. Облыс орталығында ұялы телефондар ұрлығы осы қылмыс түрінің жартысына жуығын құраған.
Қазақстандағы үшінші мегаполис саналатын қаладағы бейнебақылау құрылғыларының көмегімен қала аумағындағы қылмыс деңгейі төмендеп, түрлі қылмыстық іс-әрекеттердің ашылу деңгейі жоғарылаған. Мәселен, 2015 жылмен салыстырғанда қала аумағындағы қылмыс саны былтыр 7,4 пайызға, өте ауыр қылмыс 21,4 пайызға азайған. Сондай-ақ, арғы жылмен салыстырғанда аса ауыр қылмыс — 6,1 пайызға, ал ауыр қылмыс саны 26 пайызға төмендеген.