Шымкентте балалы әйелді көлігімен қағып кеткен жігіт қамауға алынды. Қайғылы жағдайдың кесірінен бір бала мерт болған еді. Көлікті басқарған жүргізушінің өзі жедел жәрдем бригадасында мейіргер болып жұмыс істейді екен. Бірақ сол түні ол өзі соққан балаларға ешқандай көмек бере алмады. Қазір тексеру жалғасуда.
Жантүршігерлік жол апаты кешкі сағат 7 шамасында, Жібек жолы көшесінің бойында болды. Жолды қиып өткелі жатқан, қолында бір жасар бүлдіршіні бар ананың соңынан ерген екі ұлын ВАЗ автокөлігі келіп соққан. Көлік астында қалған 5 жасар бала сол жерде мерт болады. Үлкен ұл аман қалғанымен, жағдайы мүшкіл.
Тассай тұрғындары айдың-күннің аманында жол апатынан жапа шегіп жүргендеріне ашынады. Дәл осы жол учаскесінде бұған дейін жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам бар еді дейді жиналған жұрт. Жол жаңартылғанының пайдасынан көрі зәбір көргендерін алға тартып отыр. Тұрғындар жергілікті ауданның әкімшілігіне тұрғындар арызданып барғандарын дай айтады.
Сенбі күні болған қайғылы жол апатынан жәбір көрген отбасы кішкентай ұлдарымен қоштасты. Ал үлкен ұлдары әлі есін жимаған күйі ауруханада жатыр.
Ашынған жұрт осы тасжолды қиып өтеміз деп қырылып жатқандарын айтады. Бір айдың ішінде дәл осы жолда 3 адамды көлік қағып кеткен. Ал кешегі оқиға бойынша жүргізуші қамауға алынғанын ішкі істер департаментінің ресми өкілі де растады.
Жүргізуші сараптамадан тексеруден өткенде оның спирттік ішімдік ішпегені мәлім болған. Қамауға алынған мейіргер жігіттің әдейі адамды соқпадым дейді. Ал адам қайтыс болғанан кейін ғана төбе көрсететін атқамінерлерге жұрттың наразылығы қара қазандай.
Ернар Балабеков