Оңтүстіктің сотында — әдеттегіден өзгеше айыпталушылар. Шымкентте жергілікті кәсіпкерлерді алдамақ болған африкалықтар сотталды. Аса ірі көлемдегі алаяқтық жасамақ болды деген айып тағылған кәрі құрлық өкілдеріне үкім Әл Фараби аудандық сотта оқылды. Жер шарының арғы түкпірінен келген Нигерия азаматтары енді Қазақ жеріндегі түрмеде жазаларын өтейтін болады.
Дәл мұндай жағдай Шымкент қаласы тұрмақ Қазақстанда алғаш рет тіркеліп отыр дейді мамандар. Алайда қара нәсілділердің қулығы жүзеге аса қоймады. Олардың ісін мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері бірден әшкерелеген. Екі нигериялық азамат аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Дегенмен, рақымшылыққа ілінген шетелдіктердің жазасы, жәбірленуші тараптың зардап шекпегені ескеріліп, 3 жыл 9 айға қысқарды.
Талғат Қаһаров: «Нигериялық азаматтар бұл қылмысқа қатысқанын мойындағанымен, кінәні қазақстандық аудармашы жігітке жапақ болды. Ал 18 жасар жігіт оларға тек аудармашы болып жұмыс жасаған. Сол қызметі үшін күнделікті ақысын алып отырған. Мемлекеттік кірістер департаментіне шағымданған жәбірленушінің айтуынша, аудармашы бұл жайдан мүлдем хабарсыз болыпты. Осылайша африкалық азаматтардың арам ой іске аспады. Аудармашы тек іске қатысты куәгер ретінде түсініктеме берді.»
Африкалықтар Қазақстанға миллиондаған инвестиция құямыз деген оймен келіпті. Лайықты жобалар іздеп Шымкентке табан тірейді. Жергілікті кәсіпкермен танысып, беделді шенеуніктің сенімді өкілдері екенін, тіпті түрмеде отырған басшыларының 10 миллион долларға жуық қаржысын шетел асырып, ортақ іс бастауға салуға дайынбыз деп бөседі. Оңтүстікқазақстандық кәсіпкер олармен әріптес болуға келіседі. Бірақ, ақша жасырын жолмен келген.
Ариф Абенов, куә: «Олар ақшаның қара қағаз түрінде келуін кеденнен өтерде сканерде байқалмауы үшін деп түсіндірді.»
Кейін нигериялықтар жергілікті кәсіпкерге қара қағазды кәдімгі долларға қалай ауыстыратындарын көрсетеді.
Ариф Абенов, куә: «Нұсқауда жазылған. Екі қара қағазды аласың, арасына таза 100 долларды салып, арнайы сұйықтықты жағасың. 20 минутқа мұздатқышқа салу керек. Кейін артынша үш дана ақшаны сүрте бастады. Барлығының нөмірі әр түрлі. Біз айырбас пунктеріне апардық. Еш қиындықсыз ауыстырып берді».
Осыдан кейін нигериялықтар 9 миллион қара қағаз ақшасын ағартуды ұсыныпты. Ол үшін мың дана 100 долларлық тұпнұсқа ақша қажет болады. Алайда істің шикілігінен сезіктенген кәсіпкер кірістер департаментіне жүгінеді.
«Қырағылық танытқан жәбірленуші жарады. Ол алдымен бұл ұсынысқа таң қалғанын да жасырмады. Кейін ғаламтор беттерін ақтара отырып, осыған ұқсас жағдай бойынша Ресейде Камерун азаматының сотталғанын оқиды. Артын ала кірістер департаментінің мамандарына хабарласқан.»
Шетелдіктер айғақты заттармен қолға түсті. Оқиға орнында ешқандай миллиондаған қара валюта табылған жоқ, тек қара қағаз ғана. Айта кету керек, нигериялықтар Қазақстан шекарасынан заңды жолмен өткен, арнайы визалары болып, тіркеуге тұрған.
Махаббат Әбдешова