Шымкенттегі жеке сектордың тұрғындары әдеттегіден өзгеше ұрылардан зардап шегуде. Суық қолдылар күндіз демей, түн демей су өлшеуіш құралдарын ұрлап жатыр. Оның не үшін қажет болғаны белгісіз. Ал тұрғындар су есептеуіш құрылғыларының қолды болуын салаға жауаптылардың өзінен сұрап отыр.
Қаладағы Ворошиловка шағынауданының тұрғындары бір-ақ күнде су есептегіштерінен айрылып қалды. Көшедегі арнайы жәшікте тұратын құралдың жоғын байқаған жұрт дереу су шаруашылығы мекемесіне хабарласқан. Есептегіштің жоғалуы сол мекемеге ғана тиімді деген жұрт бұл жағдайға су шаруашылығы мамандарын кінәлап отыр.
Жұрт шулаған соң келген мамандар суды есептегіш құралсыз, уақытша жалғап кетіпті. Бірақ он күнге ғана. Есептегіштердің жоғалып жатқанынан «Су ресурстары-Маркетингі» мекемесінің өкілдері де хабардар. «Біз де жәбірленушіміз» деген олар ішкі істер органдарына шағым түсірген. Мамандар бір қойылған су өлшеуіш құралын қайта қоюға болмайтынын айтады. Өйткені әрқайсысының жеке нөмірі мен иесінің аты-жөні жалпы электрондық базаға тіркеледі.
Жалпы, қала бойынша 30-ға жуық абонент қондырғысыз қалған. Әр жәшіктен 4-5-ке дейін ұрланған. Ал су арнасының мамандары қолды болған құрылғылар металл қабылдау орнында қабылдануы мүмкін екенін айтады. Өйткені әр құрылғыда жарты келі латунь бар. Оның нарықтағы келісінің бағасы 500 теңгеге жуық. Енді бар үміт — полиция қызметкерлерінде. Айта кету керек, ұрлық қаланың түрлі аудандарында тіркеліп жатыр.
Асқар Сәтпаев