Түлкібас ауданында 96 пәтер мен қос амбулатория ел игілігіне берілді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алдымен Түлкібас ауданының Келтемашат ауыл округіне қарасты Кершетас елдімекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның лентасын қиып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.
– Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету – біздің басты міндетіміздің бірі. Толығымен заманауи медициналық құралдармен жабдықталған мекеме соның айғағы. Алдағы уақытта ауданда халық саны көп шоғырланған 2 елдімекенде емхана құрылысы басталады. 13 ауылда фельдшерлік-акушерлік пунктін салу жоспарда бар. Мұның барлығы да ел игілігі үшін жасалады, – деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы.
Тәулігіне 25 науқасты қабылдай алатын дәрігерлік амбулаторияда 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыстық бюджет есебінен салынған нысанның жалпы құны – 158 млн 129 мың теңге. Құрылысты «Арнұр строй» мекемесі жүргізіп, мерзімінде пайдалануға берді.
Бүгінде Келтемашат ауыл округіне қарасты 5 елдімекенде 4997 халық тұрса, Кершетас ауылында 1773 тұрғын бар. Ауданда өткен жылы 3 медициналық нысан салынып, 3 нысан күрделі жөндеуден өткен. Айта кетейік, соңғы 25 жылда Түлкібас ауданында 24 денсаулық сақтау ғимараты бой көтеріп, 32-сі күрделі жөнделді.
Осы күні Арыс ауыл округі Керейт ауылында дәл осындай дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Жалпы Арыс ауылдық округінде 3452 халық тұрса, оның 1812-сі Керейт тұрғыны.
Сонымен қатар өңір басшысы Тұрар Рысқұлов ауылында бой көтерген 5 қабатты 2 үйдің ашылу салтанатына қатысып, тұрғындарға жаңа пәтер кілттерін табыс етті. Былтыр іргетасы қаланған 64 пәтерлі үйдің жалпы сметалық құны – 457 млн 180 мың теңге. Құрылысты «Темірлан корпорейшн» ЖШС жүргізген.
Ал «Шұғыла 2002» ЖШС салған 32 пәтерлі екінші үйдің құрылысына 227 млн 921 мың теңге жұмсалған. Бүгінге дейін Түлкібас ауданында 100 пәтерлі үй ел игілігіне берілген. Алдағы уақытта ауданда 256 пәтер 5 үй салу жоспарланып отыр.