Жылу берушілерге қарыздан құтылу үшін екі апта берілді

300
№3 жылу-энерго орталығы

№3 жылу-энерго орталығыШымкенттіктер қыстың көзі қырауда жылусыз қала ма? Олай деуімізге себеп болған — қаладағы №3 жылу-энерго орталығының «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы алдындығы тұтынылған газ үшін қарызы 2 млрд теңгеден асқан. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мәлімдеді. Осы берешектің салдарынан «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы көгілдір отынды өшіру туралы шешімге келген.

Дегенмен, №3 жылу-энерго орталығына берілетін көгілдір отын толық өшірілмейтін болды. Бұл туралы қалалық әкімдікте жылу берушілердің «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі алдындағы қарызы мәселесін талқылау кезінде айтылды.

Айта кетейік, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы Шымкенттегі негізгі жылу өндіруші №3 орталыққа хабарлама беріп, табиғи газды өшіретінін ескерткен. Осыған байланысты жауапты мамандар талқылап, газды толық өшіру емес, көгілдір отынның көлемін азайтуға келісіп отыр.

Осылайша «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы газға деген қарызынан құтылу үшін №3 жылу-энерго орталығына екі апта уақыт беріп отыр. Осы уақыта аралығында қажетті теңге жиналса, газ көлемі көбейтілуі мүмкін.