Жолаушы үшін жарысатын жүргізушілердің кесірінен қарапайым халық зардап шегуде. Олай дейтініміз, күні кеше қоғамдық көлікке мінген бір топ қала тұрғыны ажалдан аман қалды. Шымкенттің ортасында автобус пен газель соқтығысып, 8 адам жарақат алды. Ал осы жол апатына қатысы бар жүргізушілерге тек әкімшілік шара қолданылуы мүмкін.
Қоғамдық көліктің жолаушылары жол апатынан кейін бірі шығатын есік іздесе, енді бірі әйнектен шығуға мәжбүр болды. Қатты қорқып қалған жолаушылар оқиға орнына келген жедел-жәрдем көлігіне сыймағандықтан, тағы екі бригада шақырылды. Көмек келгенше науқастар дәрігерлердің алдында кезекте тұруға мәжбүр болды. Ал №77 бағыттағы Газельдің кондукторы автобус жүргізушісі бұрылыс жасамай тұрып бізді өткізу керек еді дейді.
Қоғамдық көліктерге лық толы болған жолушылардың сегізі қалалық ауруханаға жеткізілген. Автобустағы жолаушылар жеңіл жарақат алса, Газельдегі жолаушылар қатты зардап шекті. Қазір олар емделіп жатыр.
Ірі жол апаты 1 ақпан күні кешкі сағат 19:00 шамасында болған. Тәуке хан даңғылы мен Аймауытов көшесінің қиылысында №93 бағыттағы автобус пен №77 бағыттың шағын автобусы соғысты. Бүгін екі көлік те айып тұрағына қойылды.
Полиция қызметкерлері хабарлағандай, жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қаралып жатыр. Ал ақпараттық сайттарда пікір жазған оқырмандар қоғамдық көлік жүргізушілерін қатаң жазаға тарту керек дейді. Себебі, жеңіл жазамен құтылған жүргізуші жолаушы үшін жолда қайта жарыспасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Ернар Балабеков