Бүгін Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің, жергілікті полицей қызметінің басшылары қалалық автопарк жұмысшыларымен кездесті. Жиында қоғамдық көлік қызметінде мінез-құлық нормаларын сақтау жайы әңгіме болды.
Бұл бағытта жүргізушілер мен кондукторларға өткен аптада арнайы семинар-тренингтер өткізілген-ді. Мұндағы мақсат — қоғамдық көлік қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттырып, этикалық-эстетикалық қасиеттерін шыңдау. Бұл қадамның азаматтарды қоғамдық көлікте орын алатын түрлі жайсыздықтар мен құқық бұзушылықтардан сақтауға тигізетін әсері мол.
Сондай-ақ, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық автопарк басшыларына маршруттардың тиімділігін арттыру, кестеге сай жүріп отыру, электронды билет беру жүйесіне көшу, автотұрақтарын жаңалау, экологиялық таза отын түрлерін пайдалану және қоғамдық көліктердің бірегей ақ және жасыл түсті үлгісін сақтау туралы нақты тапсырмалар берді.