Ел болашағын сеніп тапсыратын ұрпақтың денсаулығы мәз емес. Дәрігерлердің профилактикалық тексеруі нәтижесінде мектеп оқушыларының көбі ауру екендігі анықталған. Статистикалық дерек, оқушылардың 24,5 пайызы ас қорыту жүйесі, 16,2 пайызы көз ауруларына шалдыққандығын көрсетті. Сондай-ақ, тыныс алу жолдарында (13,9%) және қантүзу органдарында кеселі (13,8%) бар балалар құрап отыр. Бұған қант диабеті, қатерлі ісік індетімен ауыратындардың саны жылдан-жылға артып жатқандығын қосыңыз. Балалар саулығының соншалықты нашарлап кетуінің себептерін таразыласақ…
Семіздікпен күресетін бағдарлама
Қазақстанда мектеп оқушыларының 16 пайызы семіздікке ұшыраған. Артық салмақ жеткіншектің бойында түрлі қауіпті ауруларды тудыратыны белгілі. Семіздікпен дер кезінде күреспесе соңы қатерлі ауруларға алып келеді. Қан қысымының жоғары болуы, қант диабеті, асқазан-ішек жолдарының аурулары, бауыр дерті осы семіздіктен ушығады. Дәрігерлер, тіпті, өлімге алып келуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда.
– Семіздік – ауру болып есептелетіндіктен диспансерлік есепке алынады. Емханада 2015 жылы – 25, 2016 жылы – 31 бала семіздік бойынша есепке алынды. 3-15 жас аралығындағы балаларда жиі кездесуде. Зат алмасудың бұзылысынан пайда болатын кесел баланың дұрыс тамақтанбауынан туындайды. Көше тағамдары мен газдалған сусындарды көп ішіп-жесе, артық салмақ пайда болады. Бүгінгі балалар аз қимылдайды. Аурудың пайда болуына бұлардан бөлек, әйелдердің жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбауы әсер етеді. Баланы алты айдан бастап қосымша тамақтануды қолға алғанда жіберілетін қателіктерден кейін балалары зардап шегеді. Сондықтан, қосымша тамақтануда мамандардың кеңесін алған артықтық етпейді,-дейді №1 қалалық емхананың балалар бөлімшесінің меңгерушісі Зүлфия Бақтиярқызы
Шынтуайтында, мектеп оқушылары білім беру мекемесі немесе оның айналасындағы дүкендерден – «кириешки», «чипсы», фастфуд, газдалған сусындар немесе химиялық бояулардан тұратын сусындардың түр-түрімен жүрек жалғауды әдетке айналдырған.
Зүлфия КЕҢЕСОВА, №1 қалалық емхананың балалар бөлімшесінің меңгерушісі:
— Елімізде бала өлімінің алдын алуда «Бала шағындағы ауруларды ықпалдастыра емдеу» бағдарламасымен жұмыс жасаймыз. Бұл стратегия балалар ауруларын дәл анықтауға, барлық негізгі ауруларды бірлестіре жүргізуге, медицина қызметкерлерінің кеңес беру дағдысын күшейтуге, сондай-ақ жағдайы ауыр баланы ауруханаға жатқызу керектігін анықтайды.
Жуырдаға ғана республикада мектеп жасындағы балалар арасында семіздікпен күресетін «Баламан» бағдарламасы таныстырылды. Жоба мектептегі тамақтануды жақсартып, спорттық белсенділікті көбейтуде мақсат етіп отыр. Осы арқылы балалалардың саулығын жақсартпақ. Бұл жоба әзірге Алматы, Астана қалаларындағы мектептерден сынақтан өтуде.
Педиатрия оралады
Медициналық жоғарғы оқу орындарында 2007 жылдан бері педиатрия мамандарын дайындау тоқтатылған-ды. Емханаларда педиатрияның қызметі жалпы медициналық білім алған мамандарға жүктелді. Сондай-ақ, білім мекемелеріндегі медициналық қызмет білім министрлігінің құзырында болды.
Елдегі балалардың сын көтермейтін денсаулығы бұл саланың қызметін өзгертуге мәжбүр етті. Енді, амбулаторлық-емханалық деңгейде балаларға медициналық қызмет көрсетудің жаңа үлгісі ұсынылды. Педиатрилық қызмет қайта жанданатын болады.
Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директорының міндетін атқарушы Риза Боранбаева: «Педиатрлық учаскелерді қалпына келтіру екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде (2017-2018 жж.) – педиатр-консультанттарды енгізілсе, екінші кезеңде (2019-2024 жж.) – 0-5 жас аралығындағы балалар үшін педиатрлық учаскелер ашу, кадрларды дайындау ауқымын кеңейту мен интерн-педиатрларды дайындаудың білім беру бағдарламаларын күшейту есебінен амбулаторлық-емханалық қызметтегі педиатр-лар санын арттырамыз» деді.
Екінші мәселе, білім ордаларындағы медициналық қызмет денсаулық сақтау жүйесіне өтетін болды.
– Бұл да жасөспірімдер денсаулығының нашарлауынан қолға алынған іс,- дейді медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеуғалиева.
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат» газеті,
№5, 01.02.2017