Базарларда арнайы кеңес беру кабинеттері ашылып, жұмыс істей бас-тады. Мамандар кәсіпкерлерге түрлі бағытта қызмет көрсетеді. Ең алдымен заңгерлік кеңес, бухгалтерлік есеп жүргізуге, салықтық заңнама мамандары кеңес береді. Аталған қызмет түрлерінің барлығы да тегін жүргізіледі. Әзірге «Самал» және «Айна» базарларында кеңес беру бөлмелері ашылған. Алдағы уақытта басқа да базарлардан ашу жоспарланып отыр.
Мұндағы кеңес беретін менеджерлер қатарын кеден саласының мамандары да толықтырмақ. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу байқауларына қатысуға ниет еткендерге құжатты қалай жинаудан бастап, тапсыруға дейінгі жұмыстарға, порталға өткізуге дейін үйретеді.
Мемлекеттік сатып алу байқауына қатысып, сатып алу келісімшарты бойынша шиеленіс болғанда, ақшасын ала алмай қалған кәсіпкерлерге сала мамандары қол ұшын созып тиісті органдарға барып тексеру жұмыстарын жүргізеді. Алдағы уақытта кассалық аппараттармен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге де көмек көрсетеді.
Бухгалтерлік есеп бойынша:
1. Алғашқы салық есептілігі және бюджеттік аударымдарды өңдеу;
2. Бухгалтерлік есепті қайта қалпына келтіру;
3. Салықтық және статистикалық есепті өткізу;
4. Электронды статистикалық есептілікті ұсыну;
Кедендік рәсімдеу бойынша:
1. Кедендік заңнама және кедендік рәсімдеу,
2.Т ауарларды декларациялау, кедендік құнды анықтау және түзету енгізу, кедендік декларация толтыру бойынша кеңес беру,
3. Ішкі экономикалық іскерлік бойынша құжаттарды сүйемелдеу,
4.І шкі экономикалық іскерлік бойынша лицензия, рұқсат алу бойынша кеңес беру,
5. Кедендік одақ аясында тауарларды декларациялау бойынша кеңес беру.
Жәнібек Досболғанов, кеңесші менеджер:
– Халыққа қызмет көрсету орталығымен келісімге келіп, ЭЦҚ ашу жұмысын да осында жүргізсек деген жоспарымыз бар. Сонда кәсіпкерлер әр тараптағы орталыққа барып әуре болмайды. ЭЦҚ арқылы осында келіп бухгалтерлік есептерін тапсыруларына да болады. Кәсібін жаңадан ашуды көздеп отырғандарға Кіріс департаментінде тіркеліп, жеке кәсіпкерлігі туралы куәлік алуына да көмек береміз. Кәсіпкерліктің бағытын өзгерту, бизнес құжаттың қателігін түзетуге, архитектуралық қабылдау актілерін алып беруге көмектесеміз.
Жұмыс уақыты: Дүйсенбі-жұма.
9:00 – 19:00
Гүлжан ЖҰМАШ
«Оңтүстік Рабат» газеті,
№5, 01.02.2017