Өткел мәселесі – өзекті

690

Жерасты және жерүсті өткелдері – ақшаны қайда жұмсарын білмей, еріккеннен салынған дүние емес. Ең бастысы жолаушылардың қауіпсіздігі үшін. Шымшаһардағы жер асты өткелдерінің басым бөлігі базар аумағында орналасқан. Өйткені мұнда халық нөпірі де көп, көлік кептелісі де жиі. Осыдан-ақ өткелдердің қаншалықты қажеттігін бағамдай беруге болар.

Қаладағы «Самал», «Бекжан», «Көмешбұлақ» базары маңында салынған жерасты өткелдері заман талабына сай. Қабырғалары кафельденген. Едені де. Жалтырап тұрған кафельдерге қазақы нақышта ою салынған. Әсем-ақ. Көңілге жылулық ұялатады.
Дегенмен…

Жаңа өткелдің жағымсыз жайы

«Самал» базарының алдындағы жуырда ғана пайдалануға берілген өткел әлден-ақ қоқысқа тола бастапты. Қалалық тұрғын үй коммуналды-шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша қабылдау актісі әлі алынбаған. Мүгедектерге арналған жылжымалы лифті әлі іске қосылмаған. Жоғары көтеретін, төмен түсіретін арнайы түймесі бар. Бірақ электр қуатына жалғанбағандықтан жұмыс істемейді.

Айта кететін бір мәселе, арамызда сол жасалып жатқан дүниелерге жанашырлықпен қарамайтындардың тым көп екендігі. Су жаңа өткелді әжетхана ретінде пайдаланатындар бар. Дәрет сындырып кеткендердің ізі «менмұндалап» жатыр. Әжетханаға беретін 50 теңгесін қимаған мәдениетсіздердің ісі осылай болып тұр. Көпшілік пайдалануындағы орындарды көздің қарашығындай сақтап, асқан жауапкершілікпен қарайтын мәдениеттің ауылы оларға әлі алыс сияқты. Шашылған қоқыс, тамақ қалдықтарының қаптамалары әр жерде қарауытады. Мұнда түрлі сауда дүңгіршектері енді ғана орын теуіп жатыр екен. Иелері жоқ, дүңгіршекті орнатып жатқан ұсталары ғана бар. Олар сауда орындарының қашан ашылатынын білмейтіндерін айтты.

Көше көпірінің жеделсатысы істемейді

Бұдан кейінгі табан тіреген орнымыз 18-шағынауданда Т. Рысқұлов көшесінің екі жағын жалғайтын жерүсті өткелі болды. Қыруар қаржыны жұтқан өткел кезінде талай дауға тамызық болып еді. Бүгінде көпшіліктің пайдалануындағы өткел әлі «өңін» бермеген. Дегенмен баспалдақтарға орнатылған жарық шамдарын, беткі торларын сындырып кетіпті.

Ал «мүмкіндігі шектеулі жандарға керемет жағдай жасап жатырмыз. Өткелдегі мұндай лифттер ешбір облыста жоқ» деп көпіргендердің өтірігін шығарып, лифт істемей тұр. Есігі тарс жабық. Шаң басқан терезелері кірден көрінбейді. Пайдалануға берілгенде көпке дейін бірде істеп, бірде іске қосылмай әбден шулатқан лифт ақыры мүлдем жабылып тынған білем…

Әрине мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау үшін барынша қолға алынған дүниенің бүгінде іске татымай тұрғаны өкінішті. Екі аялдаманың арасы темір қоршаумен қоршалған. Мүгедек арбасымен осы екі аралықты айналып, көшенің қарсы бетіне өту оңай емес…
Сондықтан да уақыт создырмай бұл мәселе шешімін тапса игі…

Жұрт сүйсінетін қос өткел

Үшінші табан тірегеніміз – «Шығыс» шағынауданындағы жерасты өткелі. Мұнтаздай деуге келмес, дегенмен тазалық жұмыстары жүргізілетіні көрініп тұр. Көп болмаса да аз-маз сауда орындары баршылық. Өткел астындағы үш жолдың түйіскен тұсында самса және бәліш сататын дүкен орналасыпты. Сатушының айтуынша әр үш ай сайын өрт қауіпсіздігіне жауапты техниктер келіп тексереді екен. Санитарлық кітапшалары барын да алға тартты.

«Өткелдің орта тұсына мұндай тағамдарды пісіріп сатуға рұқсат бермейді. Біздің сауда орнымыз тура жол аузында. Өтпе жел болғандықтан мұнда иіс тұнбайды. Барлық рұқсат қағаздарымыз бар» деді. Мұнда табиғи газ тартылмайтындығы бесенеден белгілі. Тағамдарды электр қуатымен дайындайды.

Кеңестің «көзін көрген» көне өткелдердің бірі «Көктем» базарында. Мұнда мұнтаздай тазалық патшалық құрыпты. Пластик терезелермен қапталған сауда орындары мүлтіксіз қызмет етіп тұр. Әр-әр жерде қоқыс жәшіктері орнатылыпты. Мүгедектерге арнайы пандустар жасалған. Алайда тік құлама болып келетін пандустардың қолдануға ыңғай бермейтіні анық. Кафелдеп тастамаса да тас тұмшаланған орынға біраз жөндеу жүмыстарын жүргізу қажеттігі байқалады. Цементтелген баспалдақтардың тас, құмы көрініп, әбден тозғандығынан хабар береді. Дегенмен мұнда орналасқан сауда орындарының иелері өздері арнайы тазалықшы жалдайтындарын, өз қалталарынан еңбекақысын төлейтіндерін айтты. Ал электр қуатына әркім өз пайдаланғанына орай есептеседі екен.

Қараусыз қалып, дәретханаға айналғанынан гөрі бұл әрине құптарлық-ақ. Мұнда да есік аузында самсахана орналасқан. Сатушы осында 10 жылдан астам саудасын жүргізіп келе жатқанын айтты. Ешқандай ереже бұзып отырмағанын да ескертті. «Бәрі талапқа сай» деп сендірді. Ал жалға алу ақысын сұрағанымызда сатушылардың бәрі ат тонын ала қашты. Тап бір маңызды құпия сынды. Сұрастыра жүріп білгеніміз – жалға алу ақысы 15 мың теңгенің көлемінде екен.

«Подземканы» дәретхана деп түсінеді

Ал Қырғы базар аумағындағы бұрынғы «Қызғалдақ» дүкені маңынан өтетін жерасты өткелі нағыз әжетханаға айналған. Жуырда ғана «Отырар» телеарнасы дәл осы өткелдің қоқысқа айналғаны жайлы арнайы хабар дайындады. Арада апта өтпей сыннан қорытынды шығарып, жауаптылар мұнда тазалық жұмыстарын жүргізіпті. Алайда нәжістің иісі сіңіп қалған. Мүңкіген иіс қолқаны қабады. Дәрет сындырған орындар «айғақты» дәлелдеп тұр.

Мұнда халық нөпірі баршылық. Алайда нәжіс сасыған орынды теріс айналады. Жер астынан гөрі жер үстіндегі жолды қауіпті болса да кесіп өтеді. Ол жерді жауып тастау мүмкін емес. Өйткен төрт көшенің қиылысқан тұсы. Әрі базар маңындағы автокөлік тұрағының көшеге шығар тұсы да осы. Сондықтан да дәл қазір бұл мәселе шешімін табады деп күту қашпаған сиырдың уызынан дәметкенмен бірдей.

Тоқырау заманында да осы өткел жекенің қолына өтіп, саудагерлердің қоймасы қызметін атқарған. Аузына құлып салынып, тас қамалға айналған болатын. Мұны «өткел» деп емес, «дәретхана» деп санайтындардың көптігі артына қалдырған сайраған ізінен байқалады.

Ал дәл осы Қырғы базардың жоғары жағындағы қақпасынан түсе берісте жер асты өткелі ел қажетіне жарауда. Сауда дүңгіршектеріне толы өткелден халық нөмірі үзілмейді. Қаз-қатар жайғасқан дүңгіршектерден қарама қарсы келе жатқан екі адам әзер өтердей. Тым тар. Әу баста жоспарсыз салынғаны белгілі. Кезінде бұл орын да қоқыс алаңына айналған-ды. Кейінірек көшенің әр тұсынан кесіп өтіп, жол көлік оқиғалары тым көбейіп кеткен соң мұнда екі көшенің ортасына үлкен бөгеттер қойылды. Сосын жер астымен өтуге жағдай жасалды.

Әбден тозығы жеткен өткел күрделі жөндеуді күтіп тұр. Дәл осы тұстан қарсы беттегі автобус аялдамасына кейбіреулер қауіптілігін біле тұра кесіп өтеді. Үлкен бөгеттер қойылғанына қарамастан аттап өтіп жатқандар да баршылық. Жауаптылар дәл осы жерге темір қоршау орнатуы керек-ақ. Жер асты өткелін «мәдениетті» түрде пайдаланатын мәдениеттілер аз болып тұр, өйткені.

«Сақалды» өткелдер де бар

Шымкент қаласындағы жерасты өткелдерінің бүгінгі ахуалы тұрғындарың алаңдаушылығын туғызары анық. Өйткені олардың басым бөлігі өз мақсатында пайдаланылмайды. Жаяудың қауіпсіздігі үшін салынған өткелдердің көбіне, айтып өткеніміздей, күрделі өзгеріс қажет. Кеңес заманынан қалған өткелдерді күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи талапқа сай ету қажет.

Қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөліміндегі мамандардың айтуынша қала бойынша 11 жерасты өткелі, 2 жерүсті өткелі бар. Жерүсті өткелдерінің бірі А.Байтұрсынов көшесіндегі №47 мектептің тұсында, енді бірі жоғарыда айтылған 18-шағынаудандағы Еуразия базарының жанында. Біріншісі ескіріп, тозған. Күрделі жөндеуді қажет етеді.

Ал Темірлан тас жолы бойындағы «Жаңа шаһар» базары маңына түсетін жерүсті өткелінің басы басталып, аяғы аяқталмай қалды. «2015 жылы пайдалануға беріледі» деген нысан со күйі сақалды құрылысқа айналды. «Көтергіш лифтісі бар, нағыз заманауи талапқа сай керемет болады» деп күтілген өткелдің құрылысына қашан жан бітетіні беймәлім.

Өткелдердің түп иесі – мемлекет

Бүгінде қаладағы 11 жер асты өткелдерінің тек бесеуі ғана қалалық тұрғын үй және коммуналдық-шаруашылық бөлімінің қарамағында. Алтауы жеке кәсіпкерлерге ұзақ жылға жалға беріліпті. Аталған бөлімдегілер жер асты өткелін күрделі жөндеуден өткізу үшін 35 млн теңге қаражат қажет деп отыр. Бірақ оның қашан қолға алынары белгісіз.

«Самал» базарындағы өткелді күтіп ұстау мәселесі күйіп тұрған мәселе. Әлден-ақ қоқыс тастайтын алаң мен дәрет сындыра бастағандар ертең ақ бұл жерді күл-қоқысқа айналдыратыны сөзсіз. Сондықтан да бұл мәселені тездетіп шешкен жөн секілді…

Қаладағы ең алғашқы жерасты өткелі қашан ашылғаны белгіліз. Қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары мұны «біз білмейміз» деп жауап берді. Бұл үшін бәлкім архивті ақтару қажет болар?

Ал ең соңғы пайдалануға берілгені – «Самал» базарындағы өткен жылдың соңында ашылған өткел. Құрылысына мемлекет қазынасынан 123 млн теңге жұмсалды.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне көңіл бөлінсе өткелдердің қатары артатыны белгілі. Әйткенмен алдағы уақытта жерасты және жерүсті өткелдерін салу жоспарланып отырған жоқ. Жауаптылардың жауабы осы.

Ерубай Құралов, қалалық тұрғын үй қатынастары және коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы:
– Жер асты өткелдері жекенің қолына заңдылықтарға сәйкес беріледі. Жалға беру ақысы бюджетке төленеді. Дүңгіршек бола ма, сауда орны бола ма күтіміне, тазалығына өздері жауап береді. Алдағы уақытта осы жекенің қолына өткен өткелдерге талап қатаңдатылмақ… Жерасты өткелі салынуы тиіс аумақ алдымен мамандар тарапынан әбден зерттеліп, зерделенеді. Негізінде халық көп шоғырлананатын жерге салынады. Ең алдымен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі назарға алынады. Содан кейін оның жобасы дайындалады.

Гүлжан ЖҰМАШ