Дендросаябақ басшылары: «Алаңдауға негіз жоқ»

714
Дендросаябақ басшылары: "Алаңдауға негіз жоқ"

«Шымкенттегі дендрарий саябағының ішіндегі көл маңындағы ағаштар кесіліп жатыр». Таяуда осылай деп дабыл қаққан қала тұрғындары редакциямызға хабарласты. Табиғатқа жанашырлардың арыз-шағымынан кейін біздің арнамыздың тілшілері мәселенің мән-жайын анықтауға аттанған еді.

Тап мына бейнекөріністегідей көлдің маңы тып-типыл. Тал-дарақ қырқылып, жердің қопарылғаны да рас. Алайда 40 жылдық тарихы бар дендрарий саябағының басшылары бұл тұрғыда жоспарлары бөлек екенін айтады. Анық болғаны, жабайы жыңғылдардың орнына әсем де биік қырым қарағайы отырғызылады екен.

Бүгінде 117 гектар алқапта ағаштың 500-ге тарта түрі жайқалып тұр. Ал көл маңындағы барлық қураған ағаштың орны жаңаланады. Саябаққа келгендер серуендеп, тынығуға мүмкіндік алуы тиіс.

Демек, дендросаябақ алдағы уақытта жаңара түседі. Жауапты мамандар осындай уәде беріп отыр.

Осы дендросаябаққа қатысты тағы бір жаңалық бар. Жақында саябаққа кіру билетінің бағасы өзгерді. Бұл баға бұған дейін 21 теңге 21 тиын болса, енді билет әр адамға 22 тенге 69 тиын. Мұның себебі, Қазақстан бойынша жаңа жылдан кейін бір айлық есептік-көрсеткіштің көлемі өзгерген.

Тап осындай жаңалық шаһардағы зообаққа да қатысты. Мұнда да билет бағасы 22тенге 69 тиынды құрайды. Айта кетейік, көпшіліктің, әсіресе, жас балалардың жиі баратын орнындағы бағаның төмендегеніне биыл екінші жыл.

Нұрлан Жаңабай