Компьютерін ноутбукке, диктофонын телефонға ауыстырады

610

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектерге мемлекет тарапынан берілетін техникалық көмекші құралдарды алу шартына өзгерістер енді. Дәлірегі, зағиптар және есту қабілеті төмен І, ІІ топтағы мүгедектер заманауи тифло және сурдо көмекші құрылғылармен тегін қамтамасыз етіледі. Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама (088-у нысанды) алуда да уақытын үнемдейді. Бұл жаңалықтар туралы Еңбек әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаментінің медициналық әлеуметтік сараптаманың әдіснама және бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Махамбетәлі Ербосынов тарқатты.

Медициналық әлеуметтік сараптамалық бөлім мүгедектік санат тағайындаған соң жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді. Олар мемлекеттен берілетін жәрдемақыдан бөлек, осы бағдарлама аясында техникалық қажетті құралдарға қол жеткізе алады.

-Зағиптар мен есту қабілеті төмен І,ІІ топтағы мүгедектердің денсаулығын түзетуге арналған көмекші құралдары жаңартылады. Зағиптарға берілетін онға жуық құрылғы болса, олардың тізімі бұрын-соңды болмаған жаңа түрлерімен толығады. Сондай-ақ, ескілері заманауи күрделі техникамен алмастырылады. Мәселен, бейнекомпьютер – веб камералы ноутбукке, компьютерлі тифлокешендер – сөйлеу синтезі бар экранды қол жеткізу бағдарламасымен қамтылған ноутбукке, диктофон – дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұтқыр телефонмен ауыс-тырылады. Бұрын қолданыста болмаған жаңадан оқитын машиналар беріледі,-дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы Махамбетәлі Ербосынов.

Енді осы құрылғыларды алу үшін рәсімделетін құжаттың да тізімі аз емес. Оңалтудың жеке бағдарламасы аясында берілетін тифло және сурдоқұралдарға қол жеткізу үшін алдымен тіркелген жергілікті емханадағы емдеуші-дәрігері қорытынды құжат дайындайды. Емханада мүгедектің бұл құралдарға мұқтаж-мұқтаж еместігі арнайы құрылған комиссияда сараланады. Сосын барып, мына құжаттарын жергілікті медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне тапсырады.

Олар:
Жеке куәлігі;
мүгедектігін растайтын анықтамасы;
Емханадағы қомиссия қорытындысы.

Зағип және құлағында мүкісі бар І, ІІ топтағы мүгедектерге мемлекет тарапынан тегін берілетін техникалық құрылғылар тізімі:

1. Жіңішке таяқ.
2. Тифломагнитола (тифломагнитола музыкалық фонограммаларды және «айтушы кітаптарды» стереофондық еске түсіру үшін арналған).
3. Брайль жүйесімен жазуға арналған құрал (көру бойынша мүгедектерге құрал жазу жұмысын орындау үшін арналған).
4. Брайль жүйесі бойынша жазуға арналған грифель.
5. Диктофон (көру бойынша мүгедектерге диктофон лекция және сатып алынатын зат тізімін жазуға арналған).
6.Көру қабілеті нашар адамдарға арналған сағат.
7. Жазуға және басып шығаруға арналған бедерлі-шрифті қағаз.
8. Оқитын машина
9. Компьютерлі тифлокешен.
10. Дауысты еске түсіру үшін плейер.
11. Есту аппараты.

Техникалық құрылғылар осы санатқа жататын мүгедектердің барлығына бірдей берілмейді. Сала маманы оңалтудың жеке бағдарламасы арқылы тифло және сурдоқұралдар әр 5 жыл сайын жаңартылатынын атап өтті. Дегенмен, қажетілікке қарай қосымша түрлерімен қамтамасыз етіледі екен. Өйткені, мүгедек адам қоғаммен байланыс жасап, ортамен араласуда құралдың 2-3 түрін қажет етуі мүмкін.

— Техникалық қажетті заттарға қол жеткізбеген және арада ұзақ мерзім өтіп кеткен мүгедек жандар болса, арнаулы мекемеге хабарласуына болады,-дейді Махамбетәлі Ербосынов.

АЙТПАҚШЫ…

№88-у нысан – мүгедек жандар үшін негізгі құжат. «Медициналық сараптама бөліміне берілетін жолдама» деп аталады. Құжатта науқас туралы толық мәлімет бар. Атап айтқанда, науқастың статусы, қосымша жүргізілген зертханалық-эксперименттік мәлімет жазылады, негізгі және қосалқы, асқыну диагнозы көрсетіледі. Бұл құжат қаңтар айының ортасынан бастап электронды жүйеге өтті. Мүгедек жандар бұл құжатты енді өзімен алып жүрмейді. Емханада науқастың бұл анықтамасы компьютерге енгізілетіндіктен базадан МӘС мамандары көруіне мүмкіндік туды.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті,

№5, 01.02.2017