Мақтааралда 58 үйдің ауласын су басты

676
Мақтааралда 58 үйдің ауласын су басты

Оңтүстік Қазақстан облысында 16-19 ақпан күндері жауған нөсерлі жауынның салдарынан Мақтаарал ауданы тұрғындарынан үй аулаларын су басқаны жөнінде төтенше жағдайлар департаментіне бірнеше хабарлама келіп түскен. Толассыз жауған жауынның және Атакент кентіне жақын орналасқан мақталық алқаптарда жаппай сор шаю жұмыстарының жүргізілуі мен жер асты суларының көтерілуі салдарынан Атакент кентінің Қажымұқан, С. Мұқанов, Сейфуллин көшелері бойында орналасқан 58 үйдің ауласын су басты.

Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынын төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша арнайы штаб құрылып, тәулік бойына үздіксіз жұмыстар жүргізілуде. Аталған жағдайды тікелей бақылауда ұстау мақсатында Мақтаарал ауданына ОҚО әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев арнайы барып, штаб жұмысын үйлестірді.

Мақтааралда 58 үйдің ауласын су басты

Шұғыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде су басқан елдімекендерде авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, мотопомпалармен 12 926 текше метр болатын су шығарылды. Бүгінгі таңда су басқан үйлердің аулаларындағы сулар төмендетіліп, тазартылуда. Аталған үйлердің ешбірі шығынға ұшыраған жоқ.

Облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаевтың айтуынша, Мақтаарал ауданындағы су шығару жұмыстарына 52 адам, 5 техника, 9 мотопомпа жұмылдырылған. Сонымен қатар аудан әкімшілігі мен жергілікті полиция қызметкерлерінен құралған 26 адам жұмылдырылды. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда жергілікті тұрғындар да өз үлестерін қосуда.

Мақтааралда 58 үйдің ауласын су басты

Бүгінгі таңда аталған ауданда  су тасқыны қаупі жоқ, жағдай тұрақты. Жұмыстар жалғасуда. Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауына алынған. Осы күндері жауған қатты жаңбырдың салдарынан облыстағы Шымкент, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам, Бәйдібек, Ордабасы, Шардара, Қазығұрт аудандарындағы елдімекендерді су басу қаупі байқалған.

Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су басқан орындарда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, мотопомпамен суларды шығарған. Жергілікті атқарушы органдармен жүйелі түрде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы жағдай оңтайланды.

ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі