Оңтүстікте мал шаруашылығымен айналысатын қыз-келіншектердің саны артты. Мысалы, Түркістан қаласының тұрғыны Лаура Кенжеғараева отбасылық бизнесті жандандыру үшін облыстық кәсіпкерлер палатасының Түркістан қаласындағы филиалына жүгінді.
Палата өкілдері келіншектің ауылда бизнес бастау туралы идеясына қолдау көрсетіп, отбасылық мал бордақылайтын алаң ашуға қажетті құжаттар жинауға көмектесті, бизнес-жоспар құруға бір кісідей атсалысты.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында «Ырыс» шағын несие ұйымы қорынан несие алу үшін құжаттар өткізілді. Содан биылғы қаңтар айында несие алынып, жоба іске асырыла бастады.
Лаура өз бизнесін құруға деген құмарлығы бүкіл отбасын ортақ іске жұмылдыруға сеп болды. Оның айтуынша, дәл осы бағытты таңдауда ата-анасы жастайынан бойына сіңірген шыдамдылық, табандылық сияқты қасиеттер зор рөл атқарған екен.
— Мен кеңселік жұмысты емес, мал өсіру шаруашылығын таңдағаныма түк те өкінбеймін. Айналысып жүрген ісімді жан-тәніммен жақсы көремін. Мемлекеттік бағдарлама аясында 4 000 000 теңге несие алдым. Осы қаржыға мал басын арттырдық. Еңбек пен бар күш-жігерімді жұмсасам, бизнесім табысты болады деп сенемін, – дейді жас фермер.
Кәсіпкер 20 сауын сиырды 4 жылға 7% пайызбен алған несиесіне сатып алды. Бүгінгі табыс жаман емес. Күніне 200 литр сүт алған аудан турғындары мен сүт цехтарына өткізуде. 1 жұмысшы алып, ауыл тұрғындары арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге атсалысып отыр.
— Лаура бізге өткен жылдың күзінде кеңес алуға келді. Курстан өту арқылы ол сапалы бизнес-жоспар құруды үйренді, заңнамалық және құқықтық нормаларды, есеп-қисап жүргізуді, топты жоспарлап, басқаруды меңгерді, шарттардың мәнін, жалпы міндеттемелерін түсінді. Біз ауылдағы мұндай бастамаларды қуана-қуана қолдаймыз, ауыл шаруашылығын осындай жастар дамытады, – дейді кәсіпкерлер палатасының Түркістан қаласындағы филиал сарапшысы Мадияр Умбеттев.
Осылайша, жас кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік тетігі тағы бір биік мақсаттың іске асуына түрткі болды. Лаура Кенжегараева ендігі арманы – шағын мал бордақылау алаңын ірі шаруа қожалығына айналдыру.