«Оңтүстік цирктің» ғашықтары шаңырақ көтерді

863

«Оңтүстік циркте» — той. Өнер ұжымындағы қос қызметкері бас қосып, жас жұбайлардың қатарын толықтырды. otyrar.kz сайтының ұжымы қол ұстасқан ғашықтарды алғашқылардың бірі болып құттықтап, салтанатты шараның куәгері болып қайтқан едік.

Қазақтың ұлттық дәстүрі бойынша өрбіген салтанатты жиынға мәдениет мекемесінің мамандары келген. Ұжымдағы әріптестер қос ғашықтың қадамын құптап, қуаныштарына ортақтасты. Аға буын ақ батасын берді.

Жәнібек Исабеков пен Балнұр Садықтың «Оңтүстік циркке» қызметке келгеніне 3 айдың жүзі болды. Қос талант мұнда ат үстінде өнер көрсетеді. Шабандоз жастар «Отырар» медиахолдинг оқырмандары алдында екеуін табыстырған, тағдырларын тоғыстырған да өнер екенін жасырған жоқ.

Жәнібек Исабеков, «Оңтүстік цирк» мекемесінің әртісі: «Балнұрдың мені ең алдымен баураған қасиеті — табиғатқа, жаратылысқа деген құрметі. Адамгершілігі. Сосын жылқыларға деген махаббаты. Өзім ат үстінде өнер көрсететіндіктен, екеуміздің де ортақ сүйіп қарайтын ісіміз болды. Балнұрдың айтып жеткізе алмаймын жақсы қасиеттері көп. Өзінің өмірде, жұмыста қалай жүретінін көріп, таң қаламын. Қуаныштымын, бір сөзбен айтқанда бақыттымын!»

Балнұр Садық, «Оңтүстік цирк» мекемесінің әртісі: «Алғашында әріптес ретінде сыйластық, уақыт өте келе бауыр басып қалдық. Достық сезім махаббатқа ұласты. Негізі, әріптестік махаббатты мен қолдаймын, мұнда бір-бірімізге демеу, жебеу боламыз. Бір-бірімізге қарап, өнер көрсетіп жатқанда уайымдап, көмектесіп, жанымызды шүберекке түйетін кездер де кездеседі».

Балнұр мен Жәнібек

Жас жұбайлардың әріптесі әрі осы ат үстінде өнер көрсетуші таланттар тобының жетекшісі Қалқаман Дүйсеқұловтың айтуынша, енді ғашықтар өмір мен өнерді жұмыла еңсерсе, алда бағындырар белестері көп.

Қалқаман Дүйсеқұлов, «Оңтүстік цирк» мекемесінің әртісі, «Шабандоз» тобының жетекшісі: «Менің ойымша, екі жас бір-бірін жақсы тапты. Себебі біз өнер адамы болған соң, гастрольге көп шығамыз, 6 айлап, жылдап кететін сәттеріміз бар. Сол кезде жұбайы үйде емес, өзімен бірге жүреді. Сондықтан, өнерде де жетер жетістіктері алда екеніне шүбәм жоқ».

«Оңтүстік цирк» ұжымының ішінен отау тігіп, шаңырақ көтерген жастарды әріптестері жұмыла құттықтап, бақыт тілеп, Балнұр сұлуды өнер ошағынан ұзатты.