Оңтүстікте қуаңшылықтың алдын алу шаралары басталып кетті

803
Оңтүстікте қуаңшылықтың алдын алу шаралары басталып кетті

Оңтүстік өңірінде қуаңшылықтың алдын алу шаралары басталып кетті. Осы мақсатты көздеген су ресурстары комитетінің өкілдері мақтааралдық шаруалармен кездесті. Жауаптылар трансшекаралық су көздерін тиімді пайдалануға қол жеткізетін Өзбекстан тарапымен жасалған келіссөздерді түсіндірді. Былтырғы егіншілік науқанда ағын судан тарығып, шығынға тап болған дихандар да мәселенің түпкілікті шешімін айтып, ой қосты.

Өзбекстан арқылы келетін негізгі каналдан бүгінде Мақтаарал ауданындағы шамамен 136 мың гектар жер суарылады. Көрші елдің шаруалары осы су көзінен 120 мың алқапты суарып отыр. Қос ел арасында жасалған келісім енді тіршілік нәрін теңдей әрі тиімді пайдалануда керек. Мұны тиісті мамандар қатаң бақылайды.
Су ресурстары комитеті мен мырзашөлдік шаруалардың кездесуінде қуаңшылыққа жол бермеудің жолдары жан-жақты қаралды. Былтыр ағын суға жарымай, еккен еңбектің өнбегін көре алмай қалған дихандар ә дегеннен жекенің меншігіне өтіп кеткен су көздерін мемлекетке қайтаруды талап етті.

Бүгінде сай-салаға жиналған көлшіктегі су сорғы арқылы каналға құйылып, егін алқаптарына жеткізіліп отыр. Осы мақсатта арнайы жоба да жасалды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 740 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға сорғы орнатылып, арық-атыздардың табаны тазартылмақ.

Жексенбай Шәріпов егістік алқабының сорын шаюға кіріскен. Бұл шаруаға биыл жылдағыдан ертерек кіріскен диқан былтырғы қуаңшылықтың қып-қызыл шығынға әкелгенін айтады. Айтуынша, биыл да қауіп жоқ емес.

Қуаңшылық салдарынан ауданда былтыр 50 мың гектардан астам алқапты толықтай суаруға мүмкіндік болмаған. Ал құрғақшылық қаупінің бетін қайтаруға кіріскен жауаптылар биыл ағын судан тапшылық болмайды деп сендіріп отыр. Алайда, әзірге тек өзбек ағайынмен жасалған келісім толық жүзеге асуы үшін көрші тәжік және қырғыз ағайындар да қатысуы керек.

Мақпал Рысбаева