Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген парламент мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған жолдауы мен саяси реформаларды өңір жұртшылығына насихаттау мақсатында жұмыс сапарымен келген топта Ержан Құдайберген, Кәрібай Мұсырман, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Жанат Жарасов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Мұхтар Ерман және Фахриддин Қаратаев бар.
Кездесу барысында аймақ басшысы мемлекет басшысының жолдауында атап көрсетілген міндеттерді негізге ала отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Өз кезегінде халық қалаулылары Елбасының биылғы жолдауы бұрынғы саяси құжаттардан ерекше екеніне тоқталып, оны жүзеге асыру ортақ міндет екенін айтты. Сондай-ақ, олар бұл жаңғыру қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа — «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болатынын жеткізді.
Кездесуде тараптар Президенттің үндеуінде айтылған әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктердің үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілгенін атап өтіп, осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруды сөз етті.
Парламент мәжілісінің депутаттары 2-10 ақпан аралығында аймақтағы 15 аудан, қалада болып, тұрғындармен кездеседі.
Фото: Самат Мырзалиев