Оңтүстікте депутат сайлауына үміткерлерді тіркеу аяқталды

704
26 наурызға тағайындалған

Наурыздың 26-жұлдызында Оңтүстікте сайлау өтеді. Саяси шара барысында округтер бойынша облыс, қала, аудан мәслихаттарына депутаттар сайланады. Осыған орай 28 ақпан күні мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталды.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Ольга Сағымбекова мәслихаттан шығып қалған депутаттардың орнына 26 наурызға тағайындалған сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету бойынша медиа жоспарды әзірлеп қойды. Облыс мәслихаты депутаттығына үш сайлау округі – Шымкент қаласындағы №11 сайлау округі, Мақтаарал ауданы бойынша – №25, Сайрам ауданы бойынша №31 округтерінде үміткерлер тіркеліп үлгерген.

Әлібек Өмірәлиев, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы: «№25 облыстық сайлау округі бойынша тіркелген 4 үміткердің біреуін – Нұрлан Омаровты «Нұр Отан» партиясы ұсынса, қалған үшеуі өздерін ұсынғандар. Әзірге біреуі – Сұлтанбек Сүгірбаев тіркелуі тиіс. Әлі уақыт бар, келіп қалатын шығар.»

Шымкент қалалық №1 сайлау округі бойынша үш үміткер тіркелген. «Нұр Отан» партиясынан Төрайым Сұлтанова ұсынылса, Мөлдір Әбенова мен Абай Қожабеков – өзін-өзі ұсынғандар. Аудандық мәслихатқа Сайрам аудандық №3 сайлау округі бойынша әзірге тіркелген бес үміткердің бірі Батырхан Егембердиев «Нұр Отан» партиясынан ұсынылса, қалған төртеуі өздерін ұсынғандар.

Әлібек Өмірәлиев, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы: «28 ақпанда үміткерлерді тіркеу ақталады. Сайлау 26 наурызда өтеді деп белгіленді. Сайлау учаскелері дайын. Олар тиісті әдістемелік құралдармен, жабдықтармен қамтылған. Сайлау алдындағф науқан және барысы заң шеңберінде өтуін қамтимыз.»

Сайлау комиссияларының құрамы және шекаралары жайлы мәліметтер басылымдарда жарияланады. Ал үміткерлерді ұсыну қорытындысы жайлы мәлімет 3 наурыз күні анық болмақ. Егер сайлауға қатысты сұрақтарыңыз болса 24-72-32 телефондарына хабарласыңыз. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы облыс әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан.