Оңтүстікте жастар театры құрылды

437
Оңтүстікте жастар театры құрылды

Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасына қарасты жастар ресурстық орталығы жанынан жастар театры құрылды. Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында құрылған өнер ордасы өскелең ұрпаққа сахна мәдениеті мен сахна тілін үйрету, актерлік шеберлігін шыңдауға ниеті бар жастарды шығармашылыққа баулуды көздейді.

Оңтүстікте жастар театры құрылды

Жаңа театрдың алғашқы шымылдығы Ə.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасы қойылымымен бастау алды. Театрдың көркемдік жетекшісі, сахна қозғалысы маманы Алмас Шымалиев болса, режиссері — актер шеберлігінің маманы Айна Емқұлова, ал режиссердің көмекшісі және театрдың әкімшісі, сахна тілі маманы болып Аққу Қоныспаева бекітілді.

Бұдан бөлек өнер ұжымында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де мәдени-тынығу жұмысы, театр ұжымына жетекшілік мамандықтары бойынша білім алып жүрген 30 студент жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайтын болады. Алдағы уақытта театр жетекшілігі 14-29 жас аралығындағы театр өнеріне қызығушылығы бар жастарды өз қатарына қабылдамақ. Жастар ұжымының репертуарында оншақты койылым бар.

Еске салайық, жақында ғана күрделі жөндеуден өткен жастар орталығы жанынан еріктілер мектебі, режиссерлер командасы, жайдарманшылар тобы, жас ақындар клубы, журналистер мен блогерлер клубы, Street workout қозғалысы, хореография тобы, «Sulu models» сән агенттігі ашылған болатын.