Оңтүстік Қазақстандағы 20-дан астам этнос өкілі білім алып жатқан облыстық политехникалық колледжде «Достық» клубы ашылды. Жастардың этникалық мәдениетіне және діни ұстанымына қарамай өзара сыйластықты қалыптастыру, қоғамдық келісім мен жалпұлттық бірлікті нығайтуды көздейтін ұйымның құрылуына облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйытқы болды.
Іс-шараға ОҚО Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, облысымыздағы жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары, этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, жастар ұйымдарының төрағалары мен студенттер қатысып, клубтың алда атқарар жұмыстарын талқылады.
Облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратовтың айтуынша, алдағы уақытта «Достық» клубтары облысымыздағы барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарында ашылмақ. Клуб болашақта өңірдегі жастар ұйымдарымен бірлесе отырып қазақстандық патриотизмді, «Мәңгілік ел» идеясының құндылықтарын насихаттауға атсалысады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен жастар арасында ашық пікір алаңын құру арқылы жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуды жоспарлап отыр.