Оңтүстікте тағы бір жалған қылмыс әшкереленді. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады. 1 ақпан күні Сарыағаш ауданындағы полицейлерге суыт хабар түсті. Мұнда букмекерлік кеңсе тоналған деп хабарлайды жәбірленуші.
Жиырма үш жастағы қызметкердің полицейлерге хабарлағанындай, кеңсеге бетін бүркеген біреулер кіріп келіп, пышақпен қорқытыпты. Содан кассадан 1,5 миллион теңгені алып кеткен. Полиция «Қарақшылық» бабы бойынша қылмысты іс қозғап, тексеруді бастайды.
Дегенмен, кейіннен полицияға хабарласқан қыздың шындықты жасырғаны белгілі болды. Ұрланған ақша соның өзінен табылған. Полицейлердің айтуынша, қызметкер кеңсені өзі тонапты. Қазір сот алдындағы тергеу ісі жалғасуда.