Сатира театры кәріліктің қадіріне жетуге шақырды

493

Театр тұрғындарды уақыттың қадірін бағалауға шақырды. Өңіріміздегі әзіл-сықақ және сатира театры өзбек драматургы Нәби Қадіровтың «Кәрілігімді сағындым» спектаклін араға 4 жыл салып, көпшілікке қайта ұсынды. Фантастикалық жанрда көрініс тапқан комедияны біз де тамашалап, кейіпкерлерден сұхбат алып қайттық.

Қойылым желісі қарттық меңдеген, жасы егде тартқан ауылдағы ел ағасы Ахметтің арманынан басталады. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария кәрілікке жеңіліс беруден қашқанымен, қауқарсыз, шаруаға шарасыз күйі түңілтті. Тіпті күн-түні мазасы қашып, есіл-дерті жасарудың жолын іздеуге ауады. Араға аз-кем уақыт салып, жатпланеталықтардың сыйқыр-күшімен қарияның тілегі қабыл болды.

Отағасының жасарған, дәлірегі 25 жастағы болмысын жұбайы Құралай жатсынды, ел-жұртқа мұны жариялауға да жасқанды. Азаматының ақылға қонбайтын қадамына қарсы келіп, тәубеге шақырып, райынан қайтаруға қауқары жеткен кейіпкерді сахнада 22 жылдық тәжірибесі бар әртіс сомдады.

Ұмсынай Базарбаева

Ұмсынай Базарбаева, облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі: «Рөлге етене еніп, шебер сомдауыма енемнің мінезі, оның әрекеттері көмектесті. Кезінде ауылда оның ашуланған, қуанған сәттеріне қарап жүретінмін. Әртіс болған соң, қазір сахнада сол болмысты алып шыққан сияқтымын. Енді рөлімнің қиыншылығы да болды. Өзім жас болып, кәрі кемпірдің рөлін ойнау және сөздерімді кемпірдің сөзімен жеткізе алмай, бірден шошаңдап кетіп қаласың дегендей. Бірақ оның қасиеттерін әбден бойыма сіңіріп, содан соң ғана ойнадым».

Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры спектакльді сахналау үшін дайындыққа 2 ай уақытын жұмсаған. Себебі әртістердің жасағы өзгеріп, кейіпкерлерге жаңа құрам бектіліпті. Ал еңбектің қоюшы режиссері Мақсат Айтжановтың айтуынша, шығарманы фантастикалық жанрда комедиямен ұштастыра ұсыну үшін тың тәсілдерді қолданған.

Мақсат Айтжанов, облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының көркемдік жетекшісі, қоюшы-режиссер: «Өзге планеталықтардың келіп уақиғаға араласуы, олар араласқан соң уақиғаның одан сайын ширығуы, соңы немен аяқталатынына көрерменді ынтықтыру деген ең бірінші актерға күш салынады. Және фантастиканы мүмкіндігінше арнайы компьютердің күшімен жасалған дыбыстар және жарықпен шешу — бұл енді біздің барлық мүмкіндігіміз болды!»

Спектакль соңы қос қарияның уақыттың құнын бағалап, қарттықтың қадіріне жетуімен аяқталды. Айта өтейік, комедиялық қойылымға театрдың небәрі 7 әртісі қатыстырылған.