Шымкентті үйі қираған отбасылар далада қалмайды. Осылай деген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қабырғасы опырылған үйге барып көрді. Тұрғындармен сөйлесті. Еске салайық, кешегі демалыс күндері қаладағы мол жауын-шашынның салдарынан Көксай елдімекеніндегі Таң нұры көшесіндегі екі қабатты үй қираған болатын. Абырой болғанда үй тұрғындарының ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
№16 үйдің тұрғыны Карима Әбдікаримованың айтуынша, өзіне көршілері көмекке келіпті. Олар да түн ішіндегі тарсыл-гүрсілден оянып кеткен. Сыртқа шыққан зейнеткер көрші тұрған апатты үйдің қирандыларын ғана көреді.
Карима Әбдікаримова, №16 үйдің тұрғыны: «Гүрс еткен дауыстан далаға шықсам, жанымыздағы екі қабатты ғимараттың қирап қалғанын көрдім. Балалары үйдің астында қалды ма деп жаман қорықтым. Дереу көршімен барып, терезені сындырдық. Сөйтсек, бәрі бұрышта отыр.»
Құдай сақтағанда ересектер мен балалардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Себебі, сол түні Мылтықбаевтар отбасы суықтан көрші ғимараттың бірінші қабатында жатқан. Үйі қираған отағасы Құрманбай Мылтықбаев бұл түн көпке дейін есімде қалады деп отыр.
Құрманбай Мылтықбаев: «Жаман дауыс шықты. Не болғанын бірден түсінбей қалдым да далаға шықпақ болдым. Бірақ, есіктің сыртынан қабырға басып қалғандықтан, ашылмады. Жарық та өшіп қалды. Балаларды дауыстап түгелдеген соң, далаға шықтым. Балаларды көршілерге терезеден бердім.»
Бүгін оқиға орнына Шымкент әкімі мен оның орынбасары, Әл Фараби ауданының әкімі келді. Қираған үйді ғана емес, қалған ғимаратты да көріп шыққан әкім бір шешім қабылдады.
Ғабидулла Әбдірахимов, Шымкент қаласының әкімі: «Зардап шеккендерге көмек көрсетеміз. Демеушілердің көмегімен олардың уақытша жалға алатын баспанасының бір жылдық ақысын төлейміз.»
Ал әзірге Мылтықбаевтар отбасы өз ақшасына көрші үйдің бір бөлмесін жалға алған. Енді үлкен отбасы осында күнелте тұрады. Ал мұндай жағдайдағы үй Шымкенттің осы бөлігінде жетерлік.
Ғабидулла Әбдірахымов мұндай жағдайдың қайталанбауын қадағалау мақсатында қалалық «Шаңырақ» бағдарламасын құруды ұсынды. Бағдарлама аясында ескі, сапасыз соғылған апатты үйлер анықталып, қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізілуі тиіс.