Оңтүстікте тонаушылардың үш тобы ұсталды. Әл Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері қалада тонаумен айналысып жүрген үш топты қолға түсіріп отыр.
6 ақпан күні полицияға екі қыз шағымданып келіп, пәтерлеріне баса-көктеп кірген белгісіз біреулердің ақшалары мен ұялы телефондарын күшпен тартып алып кеткенін айтады. Шұғыл іздестіру барысында Әл Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері 20 және 19 жасар екі күдіктіні, жергілікті тұрғындарды ұстады. Тергеушілердің мәліметінше, бұл күдіктілердің 3 тонауға қатысы бар екені анықталды.
Арада бір тәулік өткенде осы бөлімнің қызметкерлері Шымкентте көлік иесін тонап кеткен үш жігітті құрықтады. 7 ақпан күні 21 жастағы жергілікті тұрғын тәртіп сақшыларынан көмек сұрап келіп, тұрақтағы көлігіне бара жатқанда үш жігіттің тап беріп, айфоны мен ақшасын тартып алғанын айтады.
Шұғыл іздестіру кезінде полицейлер 21 жастағы Сарыағаш ауданының үш тұрғынын ұстады. Бұл жас жігіттер қаладағы оқу орындарының бірінің студенттері болып шыққан.
Ал үшінші тәулікте полицейлер үш адамнан тұратын тағы бір қылмысты топтың жолын кесті. 5 ақпан күні Рысқұлов даңғылы бойында бұл үшеуі екі жігітке тап беріп, күшпен қорқыту арқылы телефондарын алып кеткен. Бұл жолғы ұсталғандар Отырар ауданы мен Шымкент қаласының 19 жастағы тұрғындары екен. Қазіргі таңда ұсталғандардың барлығы қамауға алынып, тергеу жалғастуда. Қылмысты іс қозғалған.