Шымкентте жетпіс жастағы композитор дебюттік концертін өткізді

Шымкентте жетпіс жастағы композитор дебюттік концертін өткізді. Арнайы музыкалық білім алмаған Молдабек Жүнісбеков өз шығармаларын тек табиғи дарынның нәтижесі дейді. Ақын-сазгер, Қазақстанның композиторлар одағының мүшесі жетпісті еңсерген шағында алғашқы концертін ұйымдастыру оңайға соқпағанын айтады.

Дегенмен, концертке облыстық филармония атсалысты. Молдабек Жүнісбеков «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын ән кешіне 17 туынды әзірлеп әкелген. Қарияның біраз туындылары үлкен сахналарда шырқалып та жүр екен.

Молдабек Жүнісбеков: «Осы кешке дайындалу өте қиынға соқты. Таланттың арқасында талай ән жазылды. Қазақстан авторлар қоғамында тіркеліп, ресми куәлік алдым. Содан кейін ғана әндерімді әншілерге беруге мүмкіндік алдым. Гүлнәр Сиқымбаева екі әнімді орындап жүр. «Астана» деген әнді Төлебилік Милана Күзенбаева, Нәдіршах Астанаға барып, депутаттардың алдында орындаған.

Бұл жолғы кеште өнер көрсеткен күнгейге танымал әншілердің бірі, «Азия даусы» конкурсының лауреаты Әлден Жақсыбеков «Туған жер» әнін орындады. Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әнді таңдағанда ол музыка авторын білмесе керек. Автормен жақында ғана танысқан екен.

Қарияны демеп, кешке туыстары, достары, Оңтүстіктің зиялы қауым өкілдері келді. Енді сазгер атаулы шараны халық жақсы қабылдап жатса, жалғасын табатынын айтады.