Шымкентте қоғамдық тәртіп орнатуға дайынбыз деп, полиция көмекшілерінің қатарына қосылуға ниет білдіргендер саны жүз адамға жетті. Бұдан былай ұсақ-түйек құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік таныту принципі мәселесіне ерекше назар аударылады.
Облыс прокуратурасының бастамасымен «Шымкент — қауіпсіз қала» атты жобасы аясында жұмыссыз жүрген азаматтар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге полицейлерге жәрдемдеседі. Жаңадан құрылған жасақ құзырлы орган қызметкерлерімен бірлесіп, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда шаралар жүргізеді. Бұл жұмысқа 18 жастан зейнет жасқа дейінгі азаматтар тартылған және оларға арнайы киім берілді.
Талғат Монтаев, облыс прокуратурасы басқармасының аға прокуроры: «Бүгінгі таңда 98 азамат нақты жұмысқа тұрып, полицияға көмектесіп жатыр. Жалпы ақпан айының соңына дейін 200 азаматты жұмысқа тарту жоспарда бар. Бұл азаматтардың міндетері — полиция қызметкерлерімен бірге халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.»
Полицияның қоғамдық көмекшілері 40 мың теңге жалақы алады. Сонымен бірге жұмыс барысында өзін жақсы жағынан көрсеткен, заңгерлік жоғары білімі бар көмекшіні полиция қатарына жұмысқа алу жоспары да бар.
Гүлжан Байназарова