Шымкентте жылу мәселесі төңірегінде алаңдауға негіз жоқ. Тілшілермен сұхбаттасқан қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Касымбеков осылай деді. Тұтынған жылудың төлемақысын халық уақтылы, кесте бойынша төлеп келе жатқаны да белгілі болды. Алайда, жылу өндірушілердің газ таратушылар алдындағы қарызы 2 миллиард теңгеден асып кеткен.
«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы алдында екі млрд теңгеден астам қарызы бар «№3 жылу-энерго орталық» АҚ басшылары бұл қарыздың себебін дайын жылуы таратумен айналысатын «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің өздеріне қарызымен түсіндіреді. Ал «Қуат жылу орталығының» басшылары тұтынған жылу ақысын халықтан кестеге сәйкес өндіріп отырмыз дейді. Олардың айтуынша, қаңтар айының басындағы берешектің 400 млн теңгесін екі аптада жинап үлгерген.
Әбсаттар Душанов, «Қуат жылу орталығық-3» МКК сату бөлімінің басшысы: «Біз, біріншіден, қарызды жинауда әкімдікпен бірлесіп, белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Күн сайын 20 млн теңгедей жиналады. Екі мекеменің де шоты бұғатталғандықтан, ол бірден газ таратушыларға аударылады. Сонымен қоса біз 500 млн теңге несие алу жағын да қарастырып жатырмыз. Бұдан бөлек біздің мекеме қала басшыларымен газды өшірмеу туралы мәміле жасасу жолдарын да қарастыру үстінде.»
Осы тұста бұл проблемаға қатысты Шымкент қалалық әкімдігі өкілдерінің өз айтары бар.
Талғат Қасымбеков, Шымкент қ ТҮКШ бөлімінің жетекшісі: «Қарыз есеп-қисаптағы айырмашылықтан пайда болған. Мысалы, газ берушілер көгілдір отынды беріп, есеп ұсынған. Ал біз халықтан тұтынған жылу үшін ақыны тек бір айдан кейін аламыз. Айта кету керек, қазіргі таңда абоненттер бұрынғы уақытқа қарағанда жылудың ақшасын жақсы төлеп жатыр.»
Дегенмен, халық жылудың ақысын төлеп отырса, миллардтаған қарыз қайдан пайда болды деген сауалға нақты жауап табылмады. Енді бұл проблеманың қалай шешілетінін алдағы уақыт көрсетеді.
Гүлжан Байназарова