Түркістандағы арнайы әлеуметтік мекемедегі туберкулезге шалдыққандардың саны тағы да көбейді. Алдын ала тексеру кезінде орталықта ем қабылдап жүрген 61 азаматтан өкпе құрты анықталған еді. Ал соңғы тексеру бойынша науқастардың саны тағы 4 адамға толыққан.
Соның 24-нде аурудың ашық түрі болса, екеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев тілшілермен өткен баспасөз мәжілісінде мәлімдеді. Басшының сөзінше, жаппай туберкулез ауруының тіркелеуіне байланысты салаға салғырттық танытқан мекеме басшылары қызметінен босатылған.
Мұхан Егізбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Бұл іске байланысты Түркістандағы №4 арнаулы әлеуметтік орталығындағы бас дәрігер және осы мекеменің үш дәрігері қызметінен босатылды. Оған қоса Түркістан қаласындағы емхананың бас дәрігері жұмысынан босатылды және бас дәрігердің орынбасары қызметінен төмендетілді.»
Аурудың өршуіне байланысты науқастар өзге аудан-қаладағы диспансерге оқшауланған. Өйткені Түркістандағы орталықта туберкулезге шалдыққандарға медициналық көмек көрсету үшін мүмкіндік жоқ. Бұл жағдайдың орын алуы сабақ болса керек, облыстағы өзге де арнайы мамандандырылған жабық мекемелер алдын алу жұмыстарын бастап кеткен. Нәтижесінде Көксейек елдімекеменіндегі №3 арнаулы мекемеде туберкулезге шалдыққан 7 науқас анықталып отыр.
Туберкулез ауруының кең атек алуына байланысты өңірде арнайы әлеуметтік 22 орталықта толық тексеру жасалмақ. Медициналық тексеру келесі аптада басталады. Ал Түркістандағы жағдайға байланысты осы қаладағы бірнеше медициналық мекеменің бас дәрігерлері қызметінен босатылған.