Жоғары білімі жоқ жастар да жұмыссыз қалмайды. Тегін оқуға жолдама алып, соңынан еңбекпен қамтылмақ. Жағымды жаңалықты қаламыздағы жұмыспен қамту орталығының басшылығы жуырда күшіне енген жаңартылған бағдарламаға сүйене отырып мәлімдеді.
Аягөз Мамедәлиеваның жасы 30- да. Үш баланың анасы. Осыдан 8 жыл бұрын бастауыш сыныптардың мұғалімі мамандығын алып, дипломы болса да тұрақты жұмыс таппаған. Енді ол жаңаланған «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасына үміт артып отыр.
— Жұмыс сұрап, мектеп пен балабақшаларға көп бардым. Барлығы де түйіндемемді алып қалып, хабарласатындарын айтты. Бірақ, ешқайсысы хабарласқан жоқ. Қазір қаламызда сұлулық салондары көп қой, сондықтан шаштаразы болып, осы саланы маеңгерсем деймін. Оқуға тапсыру үшін қаламыздағы жұмыспен қамту орталығына арнайы келдім, — дейді Аягөз Мамедәлиева.
Жаңа жоба оқу жүйесін ғана емес, жаппай кәсіпкерлікті дамытуды да көздейді. Жеке кәсібін ашып, дөңгелетемін деушілер үшін бұған дейін 6 миллион теңге шағын несие берілсе, қазір бұл сома 16 миллионға жеткен. Сондай-ақ, жаңаланған бағдарлама аясында жастар үшін, оның ішінде 9-11 сыныптан кейін жоғарғы оқу орнына түсе алмаған жұмыссыздар үшін кәсіптік білім тегін беріледі.
Ержан Серікбаев, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Қайта даярлау мен кәсіптік, техникалық білімді 1-3 жыл аралығында оқиды. Тегін. Тамақ пен стипендиямен де қамтамасыз етіледі. Ал оқуды аяқтаған соң біздің мекеме міндетті түрде тұрақты жұмыспен қамтиды».
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» атты жаңа жүйе бойынша аталған оқу-даярлауға қатысты құжаттар қыркүйек айына дейін қабылданады. Әзірге түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.
Айта өтейік, бүгінде қаламыздағы жұмыспен қамту орталығында 2100 адам жұмыссыз ретінде кезекте тұр. Ал жыл басынан бері 9600 тұрғын түрлі бағдарлама негізінде жұмысқа жіберілген.